Lifestyle

Қазақстанда электромобильдер арзандап жатыр

Елде ресми түрде 14 900 электрокар тіркелген / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда электромобильдер саны бір жыл ішінде 1,5 есе өсті.  Жыл сайын елде электрокар үлгілері көбейіп, бағалары да қолжетімді бола тбастады.

Finprom.kz мәліметінше, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елде ресми түрде 14 900 электрокар тіркелген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 57,3%-ға көп. Нақты атйқанда, 2024 жылғы мамырда – 9 400, ал 2022 жылы небәрі 451 ғана болған.

«Жалпы ел автопаркі 5,3 млн жеңіл көліктен тұрады – және әзірге негізгі үлесті бензинмен жүретін көліктер алып отыр (4,7 млн). Бірақ экологияға бетбұрыс көзге бірден байқалады»,- дейді сарапшылар.

Қазақстанның қай өңірінде электр көліктеріне сұраныс жоғары

Көшбасшында  – Алматы, мұнда 8 900 электрокар тіркелген. Бір жылдағы өсім 60%-ға жеткен.

Қалған өңірлерде:

Астана – 1 700 көлік

Алматы облысы – 779

Шымкент – 627

Қарағанды облысы – 244

Ал Абай, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында электрокөліктерді сирек кездестіресіз.

Қызығы, Қазақстанда дипломатиялық нөмірлі электрокарлар да бар болып шықты – мұндай көліктердің саны 187. Сонымен қатар, 609 электромобиль белгілі бір өңірге тіркелмеген.

Электротранспорт басқа сегменттерге де еніп келеді:

Электрлік жүк көліктері – 383 (өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп)

Электробустар – 189 (2,3 есе өсім)

 Қазақстанда Tesla қанша тұрады?

2025 жылғы 21 мамырдағы мәліметке сай, kolesa.kz сайтында сатылымда 148 Tesla көлігі бар. Ең көбі – Model Y (48 дана).

Бағалар әртүрлі:

  • Tesla Model 3 – 9,5 млн теңгеден
  • Model Y – 12,5–26 млн теңге
  • Cybertruck – 120 млн теңгеге дейін

Электрокарлар әлемді бағындырып жатыр

2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемде сатылған барлық көліктердің 22%-ы – электромобильдер. Көшбасшы – Норвегия, мұнда жаңа көліктердің 92%-ы электрмен жүреді. Одан кейін Швеция (58%), Дания (56%).

Сонымен қатар топ-10 ел қатарына: Финляндия, Қытай, Нидерланды, Бельгия, Исландия, Португалия және Ұлыбритания кіреді. Бүгінде әлемде шамамен 60 млн электромобиль бар. 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 26 млн болған – өсім айқын.

Қазақстан әзірге көшбасшылар қатарында емес, бірақ  оң серпін байқалады.