Lifestyle

Маусым айында Subaru көліктерінің бағасы қымбаттайды

Subaru-дың кейбір модельдерінің бағасы айтарлықтай өседі / Фото: kursiv.media архиві

Subaru компаниясы өз модельдерінің басым бөлігіне бағаны көтергенін хабарлады. Маусым айынан бастап кейбір модельдер мен жиынтықтардың құны айтарлықтай өседі.

Subaru America өкілдерінің айтуынша, баға өзгерістері ағымдағы нарықтық жағдайларға байланысты болып отыр. Өсу көлемі модель мен жабдықталуына қарай 750-ден 2 055 АҚШ долларына дейін (шамамен 382 779 – 1 048 817 теңге) жетеді.

Мысалы:

  • BRZ және WRX модельдері бірден 2 000 долларға (шамамен 1 млн теңге) қымбаттады.
  • Ең үлкен өсім Ascent моделінде – ол 2 055 долларға (1 048 817 теңге) көтерілді.
  • Crosstrek пен Impreza – 750 долларға (382 779 теңге)
  • Outback – 1 715–1 820 долларға (875 290 – 928 879 теңге)
  • Legacy – 1 600 долларға (816 597 теңге) қымбаттады.

Тек Solterra моделі ғана бұрынғы бағасында қалды.

«Subaru баға саясатын нарықтағы қазіргі жағдайға бейімдеді. Бұл өзгерістер артқан шығындарды жабу мақсатында жасалды және сатып алушылар үшін тиімді ұсынысты сақтау көзделді. Subaru бағалары көліктің өндірілген еліне байланысты емес», – деп түсіндірді Subaru of America өкілдері.

Айта кетейік, биыл Subaru жаңа Forester гибридтік моделін таныстырды. Автокөлік төрт түрлі жиынтықта ұсынылады. Бастапқы бағасы – 36 415 доллар (шамамен 18,6 млн теңге).

Сондай-ақ Subaru Outback жаңа буынға көшіп, кроссоверге айналды. 1990-жылдардан бері универсал түрінде шығарылып келген модель, енді кроссовер ретінде жаңарды. Жапондықтар жетінші буындағы модельдің дизайнын ерекшелеуге тырысқан. Дегенмен техникалық жағынан автокөліктің бұрынғы күйі сақталып қалды.