Жаңалықтар

Елімізде 11,8 млрд теңгеге автокөліктердің заңсыз тіркелгені анықталды

Елде 1 800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген / Фото: kursiv.media архиві

Елімізде 1800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.

Мәліметке сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде агенттіктің аумақтық департаменттері көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым төлеуден жалтару фактілері бойынша 88 қылмыстық істі тергеген. Бұл істер бойынша 1 800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелді. Осылайша мемлекетке келтірілген залал 11,8 млрд теңгені құрап отыр.

Күдікті ретінде 70 адам танылды, олардың қатарында Әкімшілік полиция басқармасының басшылары мен қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері және нотариустар бар.

«Нәтижесінде мемлекетке 900 млн теңге көлемінде алымдар төленді. Сонымен қатар, құны 31 млрд теңге болатын 1 500 автокөлікке және 968 млн теңгенің күдіктілерге тиесілі мүлкіне тыйым салынды»,– делінген хабарламада.

Мәселен, Ақмола облысында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері бар топқа қатысты үкім шығарылды. Олар 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 55 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеу арқылы мемлекетке 401 млн теңге көлемінде залал келтірген.
Сот оларды 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар, мемлекет кірісіне жалпы құны 125 млн теңгені құрайтын 3 пәтер мен жеке тұрғын үй, сондай-ақ 21 млн теңге ақшалай қаражат тәркіленді.

Айта кетейік, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап Қазақстанда мопед жүргізушілері толыққанды жол қозғалысына қатысушылар ретінде тіркелді. Енді олар көлік құралын арнайы ХҚКО-да тіркеп, мемлекеттік нөмір алуға, жүргізуші куәлігіне ие болуға және сақтандыру рәсімдеуге міндетті.