Шымкентте сот мектеп директоры мен есепшісін 8 жылға соттады

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаладағы №133 мектеп директоры Әсел Байдосова мен бас есепшісі Ұлан Дадабековті Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kursiv.Media. Оларға мемлекеттің 71 миллион теңгеден аса ақшасын заңсыз иемденіп, қолды қылды деген айып тағылған. Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Сот кабинеті жүйесінде жарияланған үкімге қарағанда, 34 жастағы бас есепші мен 42 жастағы мектеп директоры қызмет бабын пайдаланып алдын ала сөз байласу арқылы мемлекет мүлкін аса ірі мөлшерде иемденіп алған. Мектептің 69 мұғалімнің жалақысы мен кезекті еңбек демалыстарына және өзге де төлемдерге артық қаражат аударған. Артық сомма 71 миллион теңгеден асқан. Аударған артық ақшаны бас есепшісі өзі және туыстарының есепшоты қайта айдарып, мектеп директорына қолма қол беріп, өзара бөліскен. Одан бөлек мектеп директоры Әсел Байдосова декреттік демалыстағы информатика пәні мұғалімін бала күтімінен мерзімінен бұрын жұмысқа кірісуі үшін 150 мың теңге пара алған деген күдікке ілінген. Бұл үшін мектеп директорына «Пара алу» бабымен қосымша айып тағылған.
Бас есепші Дадабеков сотта кінәсін толық мойындаған. Ол қылмысты мектеп директоры Әсел Байдосовамен келісіп жасағанын жеткізген. Ал мектеп директоры тағылған айыпты мойындамай, соттан өзі ақтауды сұраған.
Мектеп директоры мен бас есепші мемлекет ақшасын 2022 жылдың ақпан айынан бастап 2024 жылдың шілдесіне дейін жымқырып отырған. Қолды болған 71 миллион теңгенің 20 миллион теңгеге жуығын мектеп мұғалімдерінің өзі өтеген. Қалған шығын әлі жабылмаған.
Үйқамақта болған мектеп директоры сот залынан қамауға алынды. Ал тергеу кезінде қамалған бас есепшінің үкім шыққанға дейінгі бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетін болды. Сотталушылар 8 жылға түрме жазасынан бөлек мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот мемлекетке келтірілген аса ірі көлемдегі шығынды азаматтық тәртіппен өндірілетінін түсіндірген.
Үкім 19 мамыр күні шыққан. Шымкент қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша үкім заңды күшіне енбеген. Жәбірленушілердің не сотталушылардың апелляциялық шағым түсіргені не түсірмегені беймәлім.