Бишімбаевтың ата-анасы сотта жеңіп шықты

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының Қайрат Кемеловке қатысты талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Алайда Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекова сұраған 16 млн теңгенің орнына 200 теңге өндірілетін болды, деп хабарлайды KursivMedia.
Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловтің Airan YouTube каналында жасаған мәлімдемесін ар-намыс, қадір-қасиетіне нұқсан келтіру деп тану және таратылған мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеуді сұрап сотқа жүгінген.
Нәтижесінде Қайрат Кемелов 2025 жылдың 14 қаңтарында Airan YouTube каналының тікелей эфирінде «Сол күні өзара әңгіме болды, олар мәйітханаға баруымды, менің әріптестерімнің, яғни сот-медицина сарапшыларының Қуандық Бишімбаевтың пайдасына қорытынды шығаруын сұрады»; «иә, олар бұрмалайтындар үшін қомақты сома беруге дайын болды» деген мәлімдемесін сол каналда теріске шығаруға міндеттелді.
Қайрат Кемеловтен Уәлихан Бишімбаевтың пайдасына моральдық шығын ретінде 100 мың теңге, Альмира Нұрлыбекованың пайдасына 100 мың теңге өндіріледі. Олар талап арыз барысында әрқайсысының пайдасына 8 млн теңгеден өндіруді сұраған.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы Bau мейрамханасында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталды. 2024 жылдың 13 мамырында Бишімбаев 24 жылға, оның туысы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық іс бойынша толығырақ мына жерден оқуға болады.