Ақнәр Гүлістанның қазасы: Куәгер оқиғаның өз нұсқасын баяндады

7 қабаттан құлағаннан кейін қаза тапқан Ақнәр Гүлістанның ісінде қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде танылған екі қыздың бірі Дидар Мұқият «маған негізсіз жала жауып отыр» деп заңды өкілі Жандос Палманов арқылы қайғылы жағдайға қатысты өз нұсқасын жеткізді. Заңгер өкілдік етіп отырған азамат «марқұм 7 қабаттан өзі секіріп кетті» деген нұсқаны ұстанатынын мәлім етті.
Жандос Палманов бүгінде өзі өкілдік етіп отырған азаматқа қарата көпшілік тарапынан айтылып жатқан ауыр сөздер мен жаппай қаралау орынсыз деп санайды. Осыны жеткізу үшін журналистер алдына шығып, оқиғаның барысын баяндауға бел буған.
«Үш қыз бірге ішкен»
Жандос Палмановтың айтуынша, қыздар оқиғадан бір күн бұрын мейрамханада бас қосып, отырыс жасаған. Ертеңінде марқұмның бастамасымен Дидар Мұқияттың жалдамалы пәтерінде қайта жиналған. Заңгер бұл туралы өзара жазысқан хабарлама бар екенін, ол іске тіркелгенін атап өтті.

Жандос Палманов марқұмның анасы айтқандай, сол түні Ақнәр сау, екі қыз мас болғаны туралы ақпаратты терістеп, үш қыз да сыра ішкенін жеткізді. Қыздардың көңіл көтеріп, әндетіп, билеп жүргені көрінетін видео көрсетті. Видеодан дастархан басында сыра құтылары, шарап шөлмектері мен үш стақанға құйылған сұйықтық көрінеді. Алайда сараптама тек екі қыздың бойынан алкоголь тапқанын, марқұмның ағзасынан алкоголь көрсетпегенін айта кеткен жөн.
«Бір кезде марқұм Ақнәр эмоционалдық тұрақсыз күйге түсіп, өзгере бастайды. Бұрынғы жігітіне шағымданып, оның қазіргі қызымен сөйлескісі келетінін айтады. Жанындағы қыздар тыныштандырмақ болғанында, арандатушылық әрекет жасап, төбелес шығарады» дейді заңгер Дидар Мұқияттың сөздеріне сүйеніп.
Азаптау фактісіне қатысты
Заңгер жәбірленуші тарап «Ақнәрді азаптап жатыр» деп көрсеткен видео тек үзінді ғана әрі он өздеріне ыңғайлы етіп көрсеткен” дегенді жеткізді.
«Ол жерде қыздар марқұмды азаптап жатқан жоқ, тыныштандырып жатыр» деген ол видеоның ұзағырақ нұсқасын көрсетті, бірақ ол да оқиғаны толық ұғуға жеткіліксіз. Онда қыздар марқұмның аузын жауып, «түш, түш» деп жатады.
Заңгердің сөзінше, сараптама марқұмның денесінен азаптау іздерін таппаған. Ал марқұмның шашы жұлынып, тырнағы сынғанына, қолында тіс іздері барына қатысты ештеңе айта алмайтынын, оны сарапшылардан сұрау керегін жеткізді.
Полицияға куәлердің бірі хабарласқан
Жандос Палмановтың сөзінше, марқұм мен екінші қыз арасында төбелес шыққан кезде қорғауындағы Дидар Мұқият дәретханаға жасырынып, жедел жәрдемге, полицияға, Ақнәрдің туыстарына хабарласқан.
Дидардың Ақнәрдің телефонынан оның әкесіне жолдаған хабарламасында «мынау бір қызды өлтіріп жатыр, мен бара алмай жатырмын, шашын жұлып, өлтіріп жатыр, қылқындырып» деп айтқаны естіледі.
Артынша полиция келем дегенше, қайғылы оқиға болып үлгерген. Ақнәрдің терезеден қалай құлағанын Дидар көрмеген. Тек жанындағы құрбысының сөзіне сүйеніп, «терезеден өзі секіріп кетті» деп санайды.
Ал оның «қызды өлтіріп жатыр» дегенін заңгер «Дидар тура мағынадағы сөзді меңземеді, ауыз екі сөйлеу сарыны солай болды» деп түсіндірді.
Жандос Палманов «марқұм өзіне қол салуға бейім болған» деп ақпан айында түсірілген деген видеоны көрсетті. Ол жерде қорғауындағы Дидар мен оның ағасы делінген жігіт пен Ақнәр бар. Видеодан жігіттің Ақнәрді тыныштандырып жатқаны, Ақнәр терезеге қарай ұмтылғаны көрінеді. Оқиғаны Дидар түсіріп тұрған. Заңгер Дидардың әрекетін, құрбысына сенбегендіктен видеоға түсірген деп түсіндірді. Оның сөзінше, Ақнәр бұл кезде де мас күйде болған.
Заңгер сондай-ақ Ақнәрдің терезеден құлаған сәті бейнеленген видеодан көрінетін адам сұлбасына байланысты сараптама тағайындалып, оның әрекеті анықталатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Гүлістан Хамит қызы Ақнәр 2024 жылғы 20 шілдеде терезеден құлағаннан кейін қаза тапқанын, оны сол сәтте жанында болған құрбыларынан көретінін мәлім еткен. Бойжеткеннің өлімі бойынша қозғалған іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша ашылған. Марқұмның анасы мұнымен келіспейді, қызы өзіне қол салуы мүмкін емес деп санайды. Қоғамдық резонанс тудырған Гүлстан Хамит президентке дейін үндеу жолдады.
Алматы қаласы Полиция департаменті аталған оқиғаны тергеу барысында кешенді жұмыс атқарылып жатқанын, іс департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін хабарлаған.