Қазақша дубляждалған фильмдер ыңғайсыз уақытқа қойылады: министрлік бұған не дейді

Астанада өткен Отандық киноиндустрияны дамыту мәселелері бойынша брифингте Мәдениет министрлігінің өкіліне қазақша дубляждалған фильмдердің ыңғайсыз уақытқа қойылатынына қатысты сауал қойылды.
Жиында қазақша дубляждалған фильмдер кейде тым кеш, кейде жұмыс уақытында қойылатыны, мұны коммерциялық мақсатты көздейтін кинотеатрлар, қазақша фильмдерге адам аз келетінімен түсіндіретіні айтылды.
Мәдениет және ақпрат министрлігінің Мәдениет комитеті Кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратов аталған мәселеден хабардан екенін атап өтті.
Оның сөзінше, заңда қазақша дубляждалған фильмді прайм-таймға қою туралы талап жоқ. Ал кинотеатрлар көрермен қай нұсқаға көбірек барса, соны қояды.
«Біздің министрлік ретінде жеке бизнестің шаруасына араласуға құқығымыз жоқ. Оған заңнамада тыйым салынған. Біз тек диалог түрінде жұмыс атқара аламыз. Кинотеатр басшылығымен жұмыс тәртібінде келісім жүргіземіз. Бізге қазақша дубляждалған фильмдерді прайм-таймға қойыңыздар деп көптеген өтініш келеді. Біз олар бойынша кинотеатр басшыларына қоңырау шалып, өтініш жасау арқылы жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Ғани Мұратов.
Бүгінгі жиында сондай-ақ фильм прокатынан түскен қаражаттан кім, қанша көлемде алатыны айтылып, қандай фильмдер прокатқа шығарылмайтыны сөз болған.