Павлодарда бес жасар баланы сүндеттеу кезінде қате жіберген хирург істі болды

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамау фактісі (ҚК 317-бабының 2-бөлігі) бойынша хирургке қатысты қозғалған іс қаралды.
Мән-жайы
2023 жылғы 23 тамызда хирург-дәрігер жас баланы сүндетке отырғызу кезінде абайсызда баланың денсаулығына ауыр зиян келтіріп алған.
Тараптардың ұстанымы
Прокурор дәрігерді 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған. Кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі мен өкілі одан да ең ауыр жаза тағайындауды сұрады. Ал хирург кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Сот шешімі
Жасалған әрекет (ҚК 317-б. 2-б.) онша ауыр емес қылмыстар санатына жатқандықтан, оны жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру сияқты жазаның баламалы түрлері көзделген.
Сот іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, жеңілдететін мән-жай ретінде дәрігердің асырауында жас үш баласының болуын, қылмыстық жауапкершілікке бірінші рет тартылуын, медициналық көмек көрсетуін ескерген.
Осыған байланысты, сот хирургке пробациялық бақылауды міндеттеп, мәжбүрлі еңбекке тарту арқылы 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Сондай-ақ сот оны 1 жыл мерзімге хирург ретінде медициналық қызмет көрсету құқығынан айырған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін, қызмет бабында жүріп қылмыс жасаған полицей 9 жылға сотталған. Ол тергеу изоляторында күдіктімен жыныстық қатынасқа түскен.