
Микроқаржы ұйымдары халыққа ақша қарызға берген кезде заңды бұзса, айыппұл төлейді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ескертті.
Жарнамада шындықты жазбаса – 196 мың теңге айыппұл
Егер микрокредит беретін ұйым (МҚҰ) жарнамада жылдық пайыз мөлшерін (ЖТСМ) нақты көрсетпесе немесе жалған пайыз жазса, оған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – шамамен 196 600 теңге.
Мысалы: «Пайызы төмен!» деп жарнама жасайды, бірақ нақтысында қымбат. Енді бұған рұқсат жоқ.
Сонымен қатар, микроқаржы ұйымы ломбард немесе несие серіктестігі болып тіркеліп, бұл туралы уақытында хабар бермесе, онда 20-40 АЕК, яғни 78 600 теңгеден 157 200 теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Бұл ережелер 2025 жылдың 13 наурызынан бастап заңды күшіне енген. Сонымен қатар коллекторлардың заң бұзғаны үшін айыппұл мөлшері екі есе артқан.