Ақтөбеде мұнай өндіретін қытайлық компания акционерлеріне дивиденд төлемейді

Ақтөбе облысында мұнай өндіретін «КМК Мұнай» компаниясы 2024 жыл үшін акционерлеріне дивиденд төлемейді. Бұл шешім 12 мамырда өткен акционерлердің жылдық жиналысында қабылданды.
Компания өткен жылы 3,4 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе аз – 2023 жылы компанияның табысы 6,6 млрд теңге болған еді. Осыған байланысты акционерлер пайданы бөлмеу және қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлемеуді жөн көрді.
Таза табыстың азаюына не себеп?
Қаржы есебіне қарағанда, компанияның салық салынғанға дейінгі пайдасы бір жыл ішінде 11,2 млрд теңгеден 4,9 млрд теңгеге дейін қысқарған. Бұл – 55 пайызға төмендеу.
Сатудан түскен жалпы табыс аса өзгермеген – 57 млрд теңге, тек 3%-ға кеміген. Бірақ өнімнің өзіндік құны 18,5%-ға өсіп, 32 млрд теңгеге жеткен. Шығынның көбеюі компанияның таза табысына тікелей әсер еткен.
2024 жылдың соңында компанияның жалпы активтері – 100,3 млрд теңге, міндеттемелері – 56,4 млрд теңге, ал меншікті капиталы – 43,9 млрд теңге болған.
Компания кімге тиесілі?
«КМК Мұнай» – Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мәртөк кен орындарында мұнай өндіретін компания. Ол 2004 жылы құрылған. Бүгінгі таңда оның 50%-ы Қытайдың CNPC корпорациясына қарасты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына тиесілі. Қалған бөлігі – Панамада тіркелген Yukon Energy Holding компаниясына қарайды. Бұл құрылымның артында Қытайдың CITIC Group пен Suntime Group сынды ірі корпорациялар тұр.