2,6 млрд теңге желге ұшты: Samruk-Kazyna Construction экс-басшысына іздеу жарияланды

«Samruk-Kazyna Construction» компаниясының бұрынғы басқарушы директорына халықаралық іздеуге жарияланды. Оған Астанадағы «Көк-Төбе» тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген мемлекеттік ақшаны жымқырды деген айып тағылған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
2022 жылы мемлекеттік компания «Дорстройтрест» деп аталатын құрылыс компаниясымен келісімшарт жасап, үй салуға 2,6 млрд теңге аванс берген. Бірақ құрылыс уақтылы аяқталмаған, ал жұмыстар көп кемшілікпен жүргізілген.
Тергеу мәліметінше, бұл ақшаның бір бөлігі құрылысқа емес, басқа мақсатқа: қарыз өтеуге, автокөлік сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар 650 млн теңге жалған келісімдер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Ақшаны қалай жасырып қалмақ болған?
Тергеу барысында 23 млн теңгеге екі қымбат көлік сатып алынғаны белгілі болды. Олар тәркілеуден жасыру үшін басқа адамдардың атына тіркелген.
Сот шешімімен күдіктілердің 5 автокөлігі мен Астанадағы пәтеріне – жалпы 170 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды.
Бұған дейін Алматыда үш қаржы пирамидасы жойылып, 3,8 млн доллар қаражаты тәркіленген.