Жасанды интеллект жасаған алғашқы дәрілер 2030 жылға дейін сатылымға шығарылуы мүмкін

Жасанды интеллект жасаған алғашқы препараттар 2030 жылға қарай нарыққа шығарылуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ фармацевтикалық компаниясы Insilico бас директоры Алекс Жаворонков Bloomberg телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Биотехнологиялық компания заманауи әдісті мақсатты гипотезадан бастап дәріні ойлап тауып, жасап шыққанға дейінгі барлық кезеңдерде қолданбақ. Жасанды интеллектіге негізделген дәрі әзірлеуші стартап басшысының айтуынша, толығымен ЖИ көмегімен жасалған алғашқы дәрілер 2030 жылдың соңына қарай сатылымға шығарылуы мүмкін.
«Алдағы бес-алты жылда осы жұмыстардың нәтижесін көрмесек, мен таң қаламын. Бірінші болып біз шығамыз деп үміттенемін. Қазір бізде 40-тан астам ішкі бағдарлама бар, алайда мұны нақты айту қиын», – деді дәрі-дәрмек шығаратын ІТ-биотех компания Insilico Medicine бас директоры.
Фармацевтикалық сала ЖИ-дің зерттеу және әзірлеу үдерісіндегі уақыт пен шығынды азайту мүмкіндігін бұрыннан айтып келеді. Бірақ әзірге мұндай ешбір дәрі ресми түрде мақұлданған жоқ.
Бұл ретте жапониялық фармацевтикалық компания – Takeda Pharmaceutical да ЖИ көмегімен таңдалған псориазға қарсы дәрінің соңғы клиникалық сынақтарын жүргізіп жатыр. Нәтижелер биыл шығуы тиіс. Жаворонковтың айтуынша, қазіргі уақытта көптеген компаниялар ЖИ-ді тек ішінара қолданса, оның ұйымы дәрі-дәрмек жасаудың барлық кезеңінде пайдаланады.
«Гипотезадан бастап, оңтайландыруға дейін, нәтижесінде адамдарға сынауға дайын дәрілер шығарылады», – деді спикер.
Айта кететіні, аталған компаия АҚШ, Қытай, Таяу Шығыс және Канадада жұмыс істейді. Жақында Гонконг қор биржасына қайта тіркелу үшін өтініш берді және жабық инвестициялық раунд өткізді. Бұл раунд нәтижесінде компанияның бағасы 1 млрд АҚШ долларынан асты.
Жаворонков сондай-ақ ЖИ қолдану тек әзірлеу уақытын қысқартпай, молекулалық қосылыстарды дәл таңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл дәрілердің соңғы кезеңдерде сәтсіздікке ұшырау қаупін азайтады. Оның сөзінше, жаңа алгоритмдер обыр, фиброз және нейродегенеративті ауруларды емдеуге арналған препараттарды жасау тиімділігін дәлелдеді.
Insilico Medicine халықаралық фармацевтикалық компаниялармен және ғылыми институттармен бірлесіп жұмыс істейді. Олар теориялық модельдерден ЖИ-ді медицинада нақты қолдануға көшу үдерісін жеделдетуге ұмтылады. Серіктестері қатарында Fosun Pharma, Sanofi және басқа да ірі ойыншылар бар.
Егер бұл болжамдар расталса, дәрі-дәрмек жасаудағы революция басталуы мүмкін. Дәстүрлі түрде жылдарға созылатын зертханалық жұмыстарды енді бірнеше айлық модельдеу мен талдау алмастырады. Бұл, әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлер аясында өте өзекті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Kursiv.Media тілшісі 2030 жылға дейін ЖИ бағытында қандай маңызды трендтер қалыптасатынын талдаған еді. Оның ішінде медицина және биотехнология секторындағы өзгерістер де бар.