Ғани Бейсембаев 3,9 млн оқушыны оқу жылының аяқталуымен құттықтады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ғани Бейсембаев оқу жылының аяқталуымен құттықтады / фото: архив kursiv.media

Бүгін 23 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде бір мезетте «Білімім – Отанымa» атты сынып сағаты өтті. Аталған іс-шара аясында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 3,9 млн оқушыны 2024–2025 оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.

Президенттің бастамаларының арқасында бір жыл ішінде елімізде рекордтық 257 жаңа мектеп ашылды. Оқушыларымыз ірі халықаралық олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды, оның 41-і — алтын. Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасы Францияда өткен WorldSkills-тің 47-ші чемпионатында тұңғыш рет 7 «Үздік шеберлік» медальондарын иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл – отандық білім беру жүйесінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі, — деді министр сынып сағатында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ Ғани Бейсембаев биылғы оқу жылының тағы бір елеулі жетістігін атап өтті – тарихта алғаш рет екі ұстаз, Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.

Министр өз сөзінде ұстаздар мен оқушылардың еңбегін жоғары бағалап, жаңа оқу жылында жаңа табыстар мен жарқын жетістіктер тіледі.

Еске сала кетейік, 16 мамырдан бастап мектеп түлектері үшін ҰБТ тапсыру басталды. Еліміз бойынша биыл 217 мың оқушы мектепті бітіреді. Оның ішінде 183 мың оқушы ҰБТ-ға тіркелді.

Сондай-ақ Түркістан облысында Жәнібек Әбілхан ҰБТ-дан 140 жинады. Артынша оқушыға демеушілер пәтер алып беретін болды.

Сондай-ақ оқыңыз