Жаңалықтар

Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылды

Гарвард шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылды / фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі Гарвард университетінің шетелдік студенттерді оқытуға арналған арнайы сертификатын жойғанын хабарлады. Бұл шешім Дональд Трамп әкімшілігінің бастамасымен қабылданған.

Министр Кристи Ноэмнің мәлімдеуінше, енді Гарвард шетелдік студенттерге арналған F және M санатындағы визалар үшін қажетті құжаттарды бере алмайды. Бұл шешім шетелдік студенттерді қабылдауға рұқсат беретін SEVP бағдарламасының сертификатынан айыру арқылы жүзеге асты.

Осының салдарынан университет шетелдік студенттерді қабылдай алмайды, ал қазір оқып жатқан студенттер басқа оқу орындарына ауыспаса, елде қалу құқығынан айырылады. Гарвардтың мәліметінше, өткен оқу жылында университетте 7000-ға жуық шетелдік студент білім алған, бұл жалпы студенттер санының 27,2%-ын құрайды.

«Гарвард — елдегі зорлық-зомбылық, антисемитизм және Қытай Коммунистік партиясымен байланыстың ошағына айналды. Шетелдік студенттерді қабылдау – құқық емес, бұл — университетке берілген артықшылық. Ал бұл артықшылықты теріс пайдалану — жазасыз қалмайды» деді Ішкі қауіпсіздік министрі.

Гарвард университеті бұл шешімді заңсыз деп, сотқа арыз түсірді. Университет мәлімдемесінде:

«Біз 140-тан астам елден келген халықаралық студенттер мен зерттеушілерді қабылдау мүмкіндігін сақтауға толық құқылымыз. Бұл шешім университет қауымдастығына және елдің өзіне үлкен зиян келтіруі мүмкін», – делінген.

Бұған дейін, сәуір айының ортасында, АҚШ Білім министрлігі университетке бөлінетін федералдық гранттарды тоқтатқан болатын. Бұл шешім Гарвардтың министрлік қойған талаптарды орындаудан бас тартуына байланысты қабылданған. Министрлік университеттен студенттер мен қызметкерлердің көзқарасын бақылауға арналған жүйе құруды, сондай-ақ антисемитизм мен жеккөрушілік белгілері бар бағдарламаларды аудиттен өткізуді талап еткен.

Гарвард бұл талаптарды орындаудан бас тартқан соң, Трамп әкімшілігі университетті арнайы салықтық жеңілдіктен және шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айыру туралы ескерткен болатын. Енді университет бұл шешімдерге қарсылық ретінде федералдық үкіметті сотқа беріп отыр.