
Алматыда жаз мезгілі фестиваль мен мәдени оқиғаларға толы. Биыл қалада бірнеше музыкалық фестиваль өтпек: Солардың арасында OYU Fest пен Beu Fest. Екеуінің де бағдарламасы қарқынды, жұлдызды қонақтарға толы. Бірақ алматылықтар қайсысына баруды таңдарын білмей дал.
OYU Fest
2022 жылдан бері өткізіліп келе жатқан OYU Fest – өзіндік атмосферасы бар, әртістер мен көрерменнің еркін араласуына мүмкіндік беретін ашық алаң. Биылғы фестиваль 24 мамырда Алматыдағы Первомай тоғандарында өтеді.
Бұл жолы сахнаға Kezeń, ALPHA, Dudeontheguitar, Орынхан, Yenlik, 6ELLUCCI, Jeltoksan, Shiza, Alem шығады. Ал басты хедлайнер – аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобы.
OYU фестің бір ерекшелігі алаңда ойын-сауық бағдарламалары, жәрмеңке, демалыс аймақтары ұйымдастырылады. Билет құны – 20 мың теңге. 12 жасқа дейінгі балалар мен мүгедектігі бар жандарға тегін кіру қарастырылған.
Beu Fest
Ал Beu Fest – заманауи қазақ поп, хип-хоп және инди жанрларын тоғыстыратын ірі алаң. 8 маусымда «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешенінде өтетін бұл шарада ALPHA, Alem, Say Mo, Dequine, V $ X V PRINCE, Kalifarniya, Ulukmanapo, Бейбіт Қорған және өзге де танымал орындаушылар өнер көрсетеді. Жас шектеуі – 14 жастан бастап, билеттер 10-12 мың теңге көлемінде.
Бәсекелестік қыза түсті
Фестивальдердің уақыт жағынан тым жақын өтуі ұйымдастырушылар үшін де, көрермен үшін де қиын болды. OUY Fest командасы әлеуметтік желіде Beu Fest лайн-ап, яғни өнер көрсететін жұлдыздардың тізімін жариялаған кезде билет сатылымына кері әсер еткенін ашық жазды.
«Сатылымның басы рекордтық болды. Бірақ Beu Fest жарияланған соң, кері қайтару туралы өтініштер толассыз түсті», – дейді ұйымдастырушылар.
Соған қарамастан, OUY фест өкілдері көңіл-күйді түсірмей, өз аудиториясын сақтап қалуға ниетті. Ал мамандар бұл жағдайды «дені сау бәсекелестік» деп бағалайды.
Қай фестивальге барған жөн?
Таңдау әркімнің талғамына байланысты. Егер жанды дауыстағы музыка мен табиғат аясындағы еркін атмосфераны ұнатсаңыз – OYU Fest. Ал заманауи ритм, сахналық шоу мен жаңа толқындағы орындаушылар қызықтырса – Beu Fest.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлемге танымал әнші Дженнифер Лопес Алматыда концерт беретінін жазған едік.