Қазақстан Түркиядан қару-жарақ сатып алып, әскери ынтымақтастықты арттырмақ

Қазақстан Түркиядан қару-жарақ сатып алып, екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты арттыра түспек. Бұл туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың Анкара сапары кезінде айтылды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Сұлтан Қамалетдинов сапар барысында Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлермен және Түркия Қарулы күштері Бас штабының бастығы армия генералы Метин Гюракпен кездескен.
Екі елдің өклідері өзара әскери ынтымақтастық перспективалы бағыттары туралы талқылап, өңірлік қауіпсіздік мәселелерін тілге тиек еткен.
«Атап айтқанда, әскери оқу-жаттығуларды өткізу, білім беру, тілдік дайындық және бітімгерлік қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы сөз болды. Сондай-ақ, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу және өндіру бойынша бірлескен жобаларға қатысты мәселелер қозғалды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сапар барысында Камалетдинов Түркияның жоғары әскери оқу орындарында оқитын қазақстандық курсанттармен де кездесуге уақыт тапқан. Сонымен бірге Қазақстандық делегация Түркияның әскери нысандары мен қару-жарақ шығаратын қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралаған.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Түркия қару-жарақ саласында ынтымақтастық орнатқан. Атап айтқанда,Түркия Қазақстанда Anka дрондарын құрастыруға келісті. Бұл дрондар Қарабақ қақтығысында пайдаланылған. Ол алысқа ұшады әрі 300 келіге дейін салмақты көтере алады.