Қазақстанда тамыр-таныс арқылы жұмысқа орналасу қиындайды

Қазақстанда тамыр-таныс арқылы жұмысқа орналасу қиындай түспек. Жұмыс берушілерге қойылатын талап күшейтілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату жұмысы жүргізіліп жатыр. Мақсат – жемқорлықты азайтып, адами факторларды болдырмау.
«Жұмыс берушілерді іріктеу процесі 7 міндетті талаптарға негізделеді және толық автоматтандырылады. Бұл ретте мемлекеттік субсидиялар алған ұйымдар алдағы уақытта жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың кемінде 10%-ын тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс», – делінген министрліктің ақпаратында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Қанат Абдулла жұмыс орындарын сату деректері туралы пікір білдірді.
«Жұмыс берушілер тізімін қалыптастыру кезінде мансап орталықтарының қызметкерлері өздерінің таныстары мен жақын туыстарының ұйымдарына артықшылық беріп, жұмыс орындарын саудалайтын жағдайлар болды. Осындай фактілер анықталып, олар бойынша материалдар тиісті мемлекеттік органдарға беріледі», – деді ол.
Келеңсіздікке цифрлық технология кедергі болмақ. Бұл ең алдымен субсидияланатын жұмыс орындарына қатысты. Жұмысқа орналасуға үміткерлерден өтініш тек Электрондық еңбек биржасы арқылы қабылданатын болады.
Мұның алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде игерілмеген қаржының көп екені туралы жазған едік.