Атақты сылқымдардың күйеуі немен айналысады?

Жарияланды 23 Мамыр 2025 08:15

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
атақты блогерлер
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Олар – сұлу, танымал және бақуатты. Медиадағы продюссер, әнші, блогер болып жүрген атақты сылқымдарды жақсы танимыз. Олардың күйеуі немен айналысады? Қандай бизнесі бар әлде мемлекеттік қызметте шығар? KursivMedia материалында ұсынамыз.

Баян Алагөзованың жары – Тұрсын Алагөзов

Тұрсын Алагөзов, фото: ашық дереккөзден

Тұрсынғали немесе Тұрсын Алагөзов – Forbes Kazakhstan тізіміне жаңа енген кәсіпкер, белгілі қазақстандық дирижер Тұрым Алагөзовтың ұлы. Қазақстан мен Орталық Азиядағы алкогольсіз сусындар шығаратын «GALANZ bottlers» АҚ-ның иесі және директорлар кеңесінің төрағасы.

Тұрсынның бірінші әйелі – танымал кәсіпкер, инвестор Ляйсара Маратова. Екеуі отыз жыл отау құрған. БАҚ-тағы ақпаратқа сүйенсек,  «Euroschool» және «Maxi Чай» деген брендтерді ашқан да Ляйсара. Бірақ тоқсаныншы жылдардан бастап бизнесті күйеуімен бірге жүргізген. 2017 жылы жұп ажырасқаннан кейін арада ұзаққа созылған сот дауы басталды. Тұрсын Алагөзов тиесілі зауыттар мен мал-мүлкін әйелінің атына рәсімдеген көрінеді.

Кейін Баян Алагөзова ютуб-арналардың біріне берген сұхбатында «сот болып, бизнесті бөліске түсірген алты – жеті жыл ішінде күйеуін өзі асырағанын» айтқан. Былтыр Тұрсынғали зауытын қайтарды. Ал биыл Шымкенттегі сыра зауыты, бұрынғы «Цесна-Астық» концерні сатып алып, бизнес-империясын кеңейтті. Ол туралы толығырақ алдағы материалда жазамыз.

Динара Сатжан жары – Жұмабек Жанықұлов

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов үкіметті салық кодексін кейінге шегеруге шақырды
Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов / фото: ашық дереккөзден

Жұмабек Жанықұлов – Forbes Kazakhstan рейтингіне енген, еліміздегі ең ықпалды кәсіпкердің бірі. Оның бизнесі әртарапты, яғни өндіріс, медицина, химия саласында да кәсіпорындары бар. Жанықұлов жайлы бұған дейін бизнес-орта ғана білсе, белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанмен некесінен кейін қалың көпшілікке танымал болды.

Тек бизнесте ғана емес қоғамдық салада да белгілі.  Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын  «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер президиумының төрағасы, жастарды қолдауға арналған қордың да иесі. Жанықұловтың бизнесі жайлы толығырақ мына жерден көруге болады.

Айым Сейтметованың жары – Талғат Итаев

Талғат Итаева / Фото: ашық дереккөзден

Талғат Итаев – кәсіпкер, бизнес-блогер. TI-detaling атты ірі детейлинг орталығы бар. Жұбайы Айымның сөзінше, күйеуіне кәсібін жолға қою оңай болмаған.

«Үйленгеннен кейін алғашқы жылдары кәдімгі жалдамалы пәтерде тұрдық. Ол кезде Талғаттың детейлинг орталығы енді ғана салынып жатқан, бүкіл ақшасы жөндеуге кететін. Пәтер мен азық-түліктің ақысын жиі төлейтінмін, бірақ мен оған қатты сенетінмін», – деген еді ол парақшасында.

Талғат өзінің және жұбайының танымалдылығын кәсібі үшін жақсы пайдалана біледі. Барлық жұлдызды блогерлер көлік алғаннан кейін міндетті түрде Талғаттың детейлинг орталығына апаратынын байқаймыз. Медиадағы танымалдылық бизнесін жақсы жолға қойды. Оны салық түсімдерінен байқауға да болады.

Бизнесменнің атына «T.I PROJECT» ЖШС тіркелген. 2021-2023 жылдар аралығында 1,8-1,2 млн теңге салық төлесе, 2024 жылы салық түсімі 32 млн теңгеге жетіпті.

Аша Матайдың жары – Арман Қоңыр

Арман Қоңырбаев
Арман Қоңырбаев / Фото: ашық дереккөзден

Арман Қоңыр – бір кездері танымал болған «Mysterions» тобының әншісі, қазір кәсіпкер. Жүргізуші, блогер Аша Матайдың жұбайы. Оның Brown атты ерлерге арналған киім дүкені бар. Ол киім дүкенін өзі де, жұбайы Аша да жиі жарнамалап отырады.

Жұлдызды жұптың екі қызы бар.

Айсәуле Бақытбекованың жары – Әлішер Қайдаров

Фото: ашық дереккөз

Әлішер Қайдаров – кәсіпкер, белгілі ғалым, гинеколог-онколог Диляра Қайдарованың ұлы. 2020 жылы Әлішер досы Әділет Тұрсынбекпен бірге  Forbes Kazakhstan-ның «30UNDER30» тізіміне кірді. Яғни 30 жасқа дейін үміт күттірген жастар қатарында болды. Ол серіктесімен бірге HOLA News порталын ашқан. Аз уақыт ішінде ресурс ерекше контентімен танымал болды. Бірақ екі жыл бұрын порталдағы кейбір тілшілер айлық уақытылы төленбейтінін айтып, шағым түсірді. Ұзаққа созылған даудан кейін портал жабылды.

Кейінірек Әлішер мейрамханалардың қызметін бағалайтын мобильді құрылғы жасады, Айсәуле екеуі ютубта Hola Show атты жоба жүргізді.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстандағы миллиардерлер мен миллионерлердің  жұбайы туралы материал дайындаған едік. Кеңес Рақышев, Марғұлан Сейсембай, Нұрлан Смағұловтың әйелі немен айналысатынын білгіңіз келсе, мына жерден оқыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз