
«Келешек» бағдарламасы бойынша алғашқы төлемдер 2025 жылғы 31 тамызға дейін түседі. Бұл туралы Отбасы банкінен хабарлады.
Білім беру капиталы ретінде берілетін төлем 235 920 теңгеден басталады. Ол осы жылдың бірінші жартысында 5 жасқа толған немесе толатын балалардың атына аударылады.
Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін ата-аналар Отбасы банкінде AQYL білім беру жинақ депозитін ашуы керек. Қазір осындай депозитті 6 624 ата-ана ашып үлгерген.
AQYL депозитін ашудың 5 тәсілі:
- Баспана маркет порталы арқылы: otbasybank.kz сайтына кіріп, жеке кабинет → «Менің банкім» → «Депозиттер» → «Жаңа депозит ашу» батырмасын басып, AQYL таңдау.
- Отбасы банк мобильді қосымшасы арқылы: қосымшада «Менің банкім» → «Жаңа депозит ашу» → AQYL таңдаңыз.
- Банк бөлімшелерінде.
- Консультанттар арқылы: өз қалаңыздағы кеңесшіні осы сілтеме арқылы таңдауға болады — https://hcsbk.kz/ru/network-agents/.
- Банк сайтындағы бейнеқоңырау арқылы — hcsbk.kz.
AQYL депозиті бар ата-аналар не істеуі керек?
Егер сізде AQYL депозиті бұрыннан бар болса және балаңыз 2025 жылдың бірінші жартысында 5 жасқа толатын болса, 2025 жылдың 15 мамыры мен 30 маусымы аралығында Баспана маркет порталындағы жеке кабинетіңізде депозитке қосымша келісімге қол қоюыңыз қажет.