Қазақстанда алғаш рет жекеменшік мектеп KASE-ге облигация шығарды

Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп (Shoqan School) Қазақстанда алғаш рет білім беру мекемесі ретінде Қазақстан қор биржасында облигация орналастырды. Бұл жайлы биржаның сайтында жазылған.
Нарыққа шыққан облигациялардың жалпы көлемі – 1 млрд теңге, айналым мерзімі – 3 жыл. Жылдық табысы – 21,00%. Әр облигацияның номиналы – 1 000 теңге.
«Облигацияларды шығару туралы шешім ұзақ мерзімді даму жоспарларын ескере отырып қабылданды. Сыртқы инвестицияларды тарту оқу ордасына тұрақты даму саласында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді және Қазақстанның дарынды оқушыларын қолдауды жалғастыруға жол ашады», – деді эколог, Ш.Уәлиханов атындағы жеке мектептің негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.
Облигацияларды шығару бойынша қаржылық консультант – «Teníz Capital Investment Banking» акционерлік қоғамы.
Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп 2020 жылы Алматыда ашылды. Мектептің негізін қалаушылар – Әсел Тасмағамбетова мен оның жұбайы, қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев. Қазір мектепте 1200 оқушы білім алады.
Осыған дейін қазақстандық миллиардерлердің жұбайы туралы, оның ішінде Әсел Тасмағамбетованың бизнес жайлы жазған едік.