Вьетнам билігі Telegram-ға тыйым салмақшы

Вьетнамда Telegram мессенджері толықтай бұғатталады. Бұл туралы Reuters агенттігі танысқан үкіметтік құжатта жазылған.
Елдің Технология министрлігі телекоммуникациялық қызмет көрсетушілерге Telegram платформасының жұмысын тоқтату жөнінде нұсқау берген. Бұған әлеуметтік желі иесінің қылмыстық әрекеттермен күресте серіктестіктен бас тартуы себеп болып отыр.
Үкімет дерегінше, ел аумағында жұмыс істейтін 9600 телеграм арнаның 68%-ы ел заңнамасын бұзады және нашақорлық саудасы, терроризмге қатысы болуы мүмкін.
Бірақ Telegram басшылығы қылмыстық істер бойынша тергеу аясында ол телеграм арна қолданушылары туралы деректерді беруден бас тартқан. Сондықтан билік желіні бұғаттау туралы қадамға барған. Одан бөлек Telegram-ды заңға қайшы контентті бақылау, жою және бұғаттау талаптарын орындамаған деп айыптап отыр.
Осы жылы Telegram әлемдегі ең танымал мессенджерлер қатарына кірді. Қолданушылар 1 млрд адамнан асады.