Депутат Ардақ Назаров дастарханы: алты ауызға 50 мың теңге жете ме

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров азық-түлікке бір айда ары кетсе 50 мың теңге жұмсайтынын айтты. Kursiv.Media алты адамнан тұратын депутат отбасының отыз күндік азығын есептеп шығуға тырысты.
Депутат Ардақ Назаров пен тележүргізуші Маржан Болатханқызының төрт баласы бар. Алты адамнан тұратын отбасы азық-түлікке 50 мың теңге жұмсар болса, оның күнделікті дастарханы қандай болуы мүмкін?
Қазақстанда 2025 жылы бір адамға арналған ең төменгі өмір сүру көрсеткіші – 46 228 теңге. Әдетте оны тұтынушы себетімен теңестіреді. Әр өңірде баға әртүрлі. Депутат тұратын Астана қымбат қалаға жатады.
Осы қисынмен алар болсақ, алты адамнан тұратын отбасы үшін бір айда кем дегенде 277 мың теңге жұмсалар еді. Әлбетте, дастарханда бағасы қымбат қара уылдырық тұрмайды, бірақ тойып тамақтануға жетеді. Енді 50 мың теңгемен алты адамды тамақтандыру шешуі қиын күрделі мәселе.
Назаров қалтасындағы елу мыңды отыз күнге бөлсек, бір тәулікке 1 666 теңге шығады. Оны тағы алтыға бөлер болсақ, депутат отбасының әр мүшесіне 277 теңге тиеді.
«Азық- түлікке көп ақша жұмсамаймыз, өйткені біз көп тамақ жейміз деп айта алмаймын. Қарапайым дастарқан, нанымыз бар, шәйіміз бар. Енді жақсылап алатын болсақ, 30-40-50 мың теңге айналасында шығар», – депті үнемшіл депутат.
Қазақстанда әлеуметтік нанның өзі қазір 190 теңге тұратынын ескерсек, депутат шынымен отбасын қара шай мен нанмен асырап отыр екен.
45 жастағы Ардақ Назаров бұған дейін де парламентте күмәнді ұсыныстарымен ел назарына іліккен. Мәселен, депутат екі ай бұрын ажырасқандарға да салық салуды ұсынған. Ал былтыр Назаров Түркістан қаласында арақ ішуге және оны сатуға тыйым салуды талап еткен.