Маңғыстау өңірінде ойын аймағын ашуға инвестор іздестіріп жатыр

Жарияланды
Каспий теңізі жағасында ойын аймағы ашылады / фото: sutterstock
Каспий теңізі жағасында ойын аймағы ашылады / фото: sutterstock

Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында шетел азаматтары үшін ойын аймағын ашу жоспарланған. Өңір әкімдігі сол үшін инвестор іздестіріп жатыр. Ал Туризм министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі. Kursiv.Media оны ойын бизнесін реттеу жөніндегі комитеттен келген жауаптан білді.

2024 эылдың аяғында туризм министрлігі Каспий жағалауындағы ойын аймағы туралы түпкілікті шешім өңір тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданады деген. Енді Маңғыстау халқының пікірі «ескерілгені» мәлім болды.

«Маңғыстау облысының әкімдігі қоғам пікірін зерттеп, ойын аймағын ашудың қаншалықты қажет екеніне экономикалық сараптама жасалды. Оң нәтиже шықты. Қазір Маңғыстау облысы әкімдігі инвестор іздестіріп жатыр», ― деп мәлімдеді комитеттегілер.

Шенеуніктер дерегінше, туризм және спорт министрлігі осы өңірде шетел азаматтары үшін ойын алаңын ашуды көздейтін заң жобасын дайындаған. Қазір құжат талқыланып жатыр.

Қазір Қонаев қаласы мен Бурабай ауданында ғана ойын аймағын құруға рұқсат берілген. Басқа жерде ашу үшін заңнаманы өзгерту қажет.

Комитеттегілер жаңа ойын аймағы нақты қашан ашылатынын білмейді. Ол үшін заң қабылданып, инвестор табылып, құрылыс аяқталуы тиіс.

Қазақстанда ойынханалар біртіндеп жабылып жатыр. Кейінгі 12 жылда 22 казиноның алтауы ғана қалды.

Үкіметі құмар ойын нарығын  бақылауды ширек ғасыр бұрын бастады. 2007 жылғы 12 қаңтарда «Ойын бизнесі туралы заң» қабылданды. Алғашқы букмекер кеңселер де сол жылдары Алматы мен Астанада ашылды. Бірақ үлкен өзгеріс 2009 жылы болды. Билік Қазақстанда жаңа Макао жасамақ болып, казино мен ойын автоматтарын Қапшағай (қазір Қонаев), Бурабайға ауыстырды. 

Қаржы министрлігінің мәліметінше, елде  лицензиямен жұмыс істейтін 13 букмекерлік кеңсе бар. Ал заңсыз көлеңкеде істейтін операторлар саны 4000-ға жетеді.

Жақында елдегі букмекерлік компаниялардың жарнамасына толық тыйым салынбайтыны мәлім болды. Олар республикадағы спорт жарыстарының басты демеушілері болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз