Робот-такси заманы орнайды: автогиганттар нарыққа таласып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Робот-таксимен қатынайтын заман жақындап қалды / ЖИ дайындаған сурет, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Робот-таксимен қатынайтын заман жақындап қалды / ЖИ дайындаған сурет, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шамамен он жылдан кейін робот-таксимен қатынайтын заман туады. Сарапшылар осылай деп болжайды. Қазірдің өзінде осы нарыққа бірнеше автогигант таласып жатыр. Олардың арасында Tesla мен BYD бар.

Осы айда Goldman Sachs мамандары бір ғана Қытайдың робот-такси нарығы 2035 жылға қарай 47 млрд долларға дейін ұлғаятынын болжады. 2025 жылдағы бұл көрсеткіш бар болғаны 54 млн доллар.

Қазір жасанды интеллект көмегімен басқарылатын көлік 44 мың доллар тұрса, он жылдан кейін оның бағасы 32 мың долларға дейін арзандайды. Қаржы ұйымы болжамына сенсек, 2035 жылға қарай әлемде робот-таксилер көбейеді.

Қазірдің өзінде осы нарыққа бірнеше ірі автокомпания таласып жатыр. Tesla қожайыны Илон Маск та робот-таксилер қызметін ұсынуды армандайды. Жақында миллиардер бір айдан кейін Техас штатындағы Остин қаласында робот-таксилерді сынақтан өткізетінін мәлімдеді. Маск осы қалаға 1 мың робот-такси шығаруды жоспарлап отыр.

Financial Times мәліметінше, жаңа нарықта Tesla-ға Қытайдың BYD автогиганты бәсеке бола алады. Оған Pony.ai, Baidu және WeRide робот-таксилері қосылады. Нарық заңы – бәсеке жоғарылаған сайын сала шарықтап дамиды.

Жақында BYD «Құдайдың көзі» (God’s Eye) деп аталатын автономды басқару жүйесін жасап шығарды. Dolphin, Denza, Fang Cheng Bao, Yangwang және басқа да ондаған көлік шығаратын компания 21 өніміне автономды басқару жүйесін орнатады. Автогиганттың ең арзан автомобилдерінің өзі дербес басқарыла алады.

Озық технологиялар жетіле түскен сайын автомобиль қатынасы қауіпсіз бола береді. Сол кезде робот-такси қызметін ұсынатын парктер көбейеді.

«Кім жеңеді деген сауал қойсаңыз, мен әуелі қанша автокөлік сатылды деген сұраққа жауап іздеймін. Соған қарағанда, бұл бәсекеде BYD жеңетін секілді. Өйткені олар әр автокөлігіне стандарт ретінде осындай жүйе орнатып жатыр», – дейді Sino Auto Insights консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ту Ле. Оның жауабын FT жариялады.

Мамандар жаңа нарыққа таласа алатындар арасында Baidu, Huawei секілді қытай компанияларын да атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз