Трамп Apple компаниясын 25% салық салам деп қорқытты

АҚШ президенті Дональд Трамп Apple компаниясын iPhone-ын ел аумағында шығармаса, 25% дейін салық салам деп қорқытты.
Apple смартфондарын негізінен Қытай мен Үндістанда шығарып жүр. Трамптың сынан кейін компания акциялары шамамен 4%-ға құлдырады.
«Мен Apple-дегі Тим Кукке оның Құрама Штаттарда сатылатын iPhone-дары Үндістан немесе тағы бір елде емес, АҚШ-та шығарылуы керек екенін ескерткенмін. Олай болмаса, Apple АҚШ-қа кем дегенде 25% баж салығын төлесін», – деп жазды Трамп өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісінде.
Компания табыстың шамамен үштен бірін АҚШ-тағы саудадан алып отыр. Биыл компания Техаста жаңа зауыт салатынын, соған 500 млрд доллар инвестиция құятынын жариялаған.
Трамп мәлімдемесінен кейін Apple акциялары шамамен 4%-ға төмендеді. Материал жарияланған сәтте NASDAQ қор биржасында AAPL құнды қағазының құны 201,36 доллар болған.
АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы шиеленіскен уақытта компания өндірісті Үндістанға көшіре бастады. Корпорация 2026 жылдың аяғына қарай осы елде 60 млн iPhone шығаруды көздеп отыр.
Үндістанда бір жылда 22 млрд доллардың iPhone смартфондары өндірілді. 2025 жылғы наурызда өндіріс 60%-ға артты. Енді Apple смартфондарының 20%-ын немесе әрбір бесінші айфонды осы елде шығарып отыр.
Оның үстіне бұл ел мемлекеттік субсидиялар бөліп отыр. Үндістан премьер-министрі Нарандера Моди елді өндіріс орталығына айналдыруға ұмтылып жатыр. Дегенмен компанияның ірі өндіріс базасы әлі де болса Қытайда орналасқан.
Осының алдында Трамп әкімшілігі электронды тауарларды, соның ішінде смартфондар мен компьютерлерді қосымша баж салығынан босатқан. Алайда, әлемде болып жатқан кейінгі оқиғаларға назар аударсақ, Ақ үй басшысы кімге қанша салық салатынын өзі шешетін болып тұр.