Жаңаөзен қаласында түлектер мінген көліктер апатқа ұшырады

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында бір топ түлек мінген екі автокөлік соғысып қалды. Жол апаты болған сәтте түсірілген видеолар әлеуметтік желілерге тарады.
«Цензура Ақтау» инстаграм-парағына жарияланған видеодан түлектер мінген бірнеше автокөлік колоннасына қатты жылдамдықпен ақ түсті пикап келіп соққанын көруге болады. Ақ түсті Toyota Hilux пикап жолда қаз-қатар тұрған көліктерді соғып, содан кейін аударылып, жол шетіне шығып қалды. Одан кейін аударылған көліктің ішінен қара жейде киген бір бала қысылған есіктен әрең шығып келе жатқанын көруге болады.

Жол апатынан кейін автокөліктердің бәрінен мектеп түлектері түсіп, майып болған көліктерді қарап жүр. Тағы бірнеше оқушы басын ұстап, жол шетінде отыр.
Әлеуметтік желі қолданушылар «жылда қайталанатын жағдай», «басталды ма?», «ата-аналарын жазалау керек» деп жазып жатыр.
Жаңаөзен қаласындағы апаттан ешкім зардап шекпеді
Kursiv.Media Маңғыстау облысы полиция департаментінен мәлімет сұратты. Жергілікті полиция дерегінше, жол апаты 23 мамырда түстен кейін болған. Үш көлік соғысқан: Toyota Hilux, Toyota Land Cruiser 100 және Lexus LX 450.
Toyota Hilux пикатының жүргізушісі алдындағы Land Cruiser 100 көлігін басып озбақ болған. Алайда ол Land Cruiser 100-мен соғысып, соңғысы Lexus LX 450-ге ұрылған. Соның салдарынан пикап жол шетіне шығып қалған.
Жаңаөзен қаласындағы жол апатынан ешкім зардап шекпеді. Toyota Hilux жүргізушісінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Оның көлігі айып тұрағына қойылды. Полиция мәліметінше, мектеп түлектері тек қана Lexus LX 450 көлігінде отырған.
23 мамырда Қазақстанның барлық өңіріндегі орта мектептерде соңғы қоңырау соғылды. 3,9 млн оқушы мектепті аяқтады.