
Шетелде 1-2 апта, тіпті 1 айға дейін бар жағдайы жасалған, жайлы үйлерде тегін тұруға болады десем, сенесіз бе? Көп елде жергілікті тұрғындар демалысқа, алыс сапарға кетерде ит-мысығына қарап, өсімдіктерді уақытылы суарып, үйін таза ұстап отыратын адам іздейді. Бұл үнемді әрі асықпай саяхаттап, жергілікті халықтың тұрмысын сезініп көргісі келетін саяхатшыларға шетелде су тегін тұруға мүмкіндік береді.
БАӘ, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Африка сияқты қымбат елдерде тұратын жерге бір тиын ақша жұмсамай, үлкен, әдемі, қымбат үйлерде тегін тұрғыңыз келсе, бүгінгі гайдымызды соңына дейін оқыңыз.
Хаус ситтинг деген не?
Ең қысқа әрі нақты анықтама
House sitting (хаус ситтинг) — біреудің үйіне уақытша қарап, күтім жасау. Қарапайым тілмен түсіндірсек, үй иесі ұзақ сапарға кетерде, 2 апта, 1 ай немесе одан ұзақ уақытқа үйінде тұрып, күнделікті қарапайым шаруаларға көмектесетін адам іздейді.
Көбіне хаус ситтерге үйдегі ит-мысық немесе басқа жануарларға уақытылы тамағын беріп, серуенге шығарып, үйді таза ұстау тапсырылады. Еңбегіңіз үшін ақы төленбейді, бірақ шетелде тегін тұрып, ондағы бар мүмкіндікті (кей үйлерде бассейн, теңізге көрініс, жаттығу залы, кинотеатр болуы мүмкін) еркін пайдалана аласыз.
Хаус ситтердің міндетіне не кіреді?
- Үйдегі немесе бақшадағы өсімдіктерді суару
- Үй жануарларына (ит-мысық, қоян, тышқан, тасбақа, жылқы, қазы, тауық сияқты кез келген жануар болуы мүмкін) қарау. Атап айтқанда, оларға уақытылы тамақ беру, серуенге шығару, тазалығы мен күтімін қадағалау.
Әр жануардың күтімі үй иесімен жеке талқыланады. Бір үйде тек бір мысық ғана болуы мүмкін. Оған тамақ пен су, арасында құшақтап, ойнатудан басқа артық нәрсе қажет емес. Басқа үйде 4 ит бар делік. Мүмкін оларға арнайы мәзір бойынша сорпа қайнатып беру керек шығар. Күнделікті серуендейтін, шомылатын күнтізбесі болуы да ғажап емес.
Әр үйдегі талап пен хаус ситтерге жүктелетін шаруа әртүрлі болады. Бірақ әдетте бұл — қиын жұмыс емес. Үлкен үй, фермаларда, күнделікті шаруа көп болған жағдайда, көбіне бағбан, малшы сияқты арнайы қызметкерлер жұмыс істейді.
- Үйді таза ұстау. Бұл үй тазалаушы болып жұмыс істеу дегенді білдірмейді. Өз үйіңізде тұрып жатқандай, тамақ істесеңіз, соңынан ыдыстарды жуып, жарықты өшіріп, аптасына бір рет бөлмелерді шаңсорғышпен тазалап тұрасыз. Ешкім үйін біреуге қалдырып, бір айдан кейін шашылған, күйі кеткен, қоқыс толы жерге оралғысы келмейтіні түсінікті ғой.
- Үй иесімен байланыста болып, күнделікті жағдайдан хабардар етіп отыру. Бұл оларға үйдегі қауіпсіздік пен тыныштыққа алаңдамай, еркін жүруге көмектеседі.
Бір сөзбен, біреудің үйіне өз үйіңіздей қамқорлықпен қарайсыз, есесіне Дубайда немесе Кейптаунда жергілікті тұрғындар сияқты өмір сүріп көру тәжірибесін тегін аласыз.
Хаус ситтердің бос уақыты бола ма?
Әрине! Күнделікті келісілген шаруалар орындалған соң, күніңізді өзіңіз қалағандай өткізе аласыз. Қаланы аралау, теңізге бару, тауға шығу, жергілікті кофеханаларда уақыт өткізу — бәріне мүмкіндік бар. Тек кешкісін үйге оралып, жануарларға уақытылы тамағын берсеңіз болғаны.
Тегін тұратын үйлерді қайдан табамыз?
Ол үшін хаус ситтерлерге және үй иелеріне арналған платформалардың біріне тіркелу керек.
- House carers — жылдық ақысы — 50 доллар тұрады, қолдануға өте ыңғайлы веб-сайт. «Browse houses to sit» деген батырманы басып, барғыңыз келетін елді таңдасаңыз, хаус ситтер іздеген үй иелерінің профильдері шығады. Әр профильдегі ақпаратпен танысып, өзіңізге ұнаған кісіге кандидатураңызды ұсынып, хат жазасыз.
- Mind my house — бұл сайтта ұсыныс аса көп емес, бірақ бағасы арзан, жылына небәрі 20 доллар төлейсіз.
- Nomador — қарқынды өсіп келе жатқан хаус ситтинг платформа. Бір жақсысы, мұнда бірден 1 жылға ақы төлеудің қажеті жоқ. Хаус ситтинг тәжірибесін бір-екі рет ғана байқап көргіңіз келсе, 3 үйге тегін өтініш жібере аласыз. 3 айға тіркелу — 35 доллар, жылдық ақысы 89 доллар тұрады.
- Trusted housesitters — хаус ситтинг нарығының көшбасшысы. Бірақ сайтты пайдалану үшін жылына 129 доллар төлейсіз. Сайттағы ұсыныстардың көбі — Еуропа, АҚШ пен Канададан.
- Housesit Match — көбіне Аустралия мен Ұлыбританиядағы ұсыныстарды қамтиды. Еуропа мемлекеттерін де табуға болады. Жылдық ақысы — 85 доллар.
Үй иелерінен шақырту алу үшін не істеу керек?
- Жоғарыда аталған сайттардың біріне тіркеліп, парақша ашасыз.
- Өзіңіз жайлы қызықты етіп ақпарат жазып, суреттеріңізді жүктейсіз.
- Адамдар танымайтын кісіге үйін сеніп тапсыратындықтан, хаус ситтер жайлы пікір болуы өте маңызды. Платформаға жаңа тіркеліп, әлі хаус ситтер болып көрмесеңіз, сізді жақсы білетін адамдардан пікір жазуын сұраңыз.
- Іздеу жүйесінде саяхаттап барғыңыз келетін өңірді немесе елді көрсетіп, ондағы ұсыныстармен танысып шығыңыз. Өзіңізге ұнаған ұсынысқа өтініш беріңіз (apply).
- Үй иесіне жіберетін хатты жалпылама емес, персоналды сипатта жазыңыз. Мәселен, ол кісі итін қалдыратын болса, иттермен жақсы тіл табысатыныңызды, неге ол үйде тұрғыңыз келетінін, бақшасы болса, бағбандықтан тәжірибеңізді, осы рөлге қажет болатын пайдалы дағдыларыңызды атап көрсетіңіз. Өзіңізді асыра мақтамаңыз, бірақ тым төмен де бағаламаңыз.
- Хаус ситтер болуға ұсыныс алсаңыз, өз жұмысыңызға жауапкершілікпен қараңыз. Үй иесінің ризашылықпен жазған пікірі сізге келесіде басқа үй иелерін оңай табуға көмектеседі. Бұл платформадағы негізгі сенім валютасы — үй иесінің хаус ситтерге, хаус ситтердің үй иесіне қалдырған пікірі екенін ұмытпаңыз!
Хаус ситтинг қауіпсіз бе?
Иә. Бүкіл үй өз меншігіңізге қалады. Физикалық тұрғыдан, еш қауіп жоқ. Бастысы, үй иесімен тұрақты коммуникация орнатып, бір-біріңізге деген сенімді бұзатын нәрсе жасамау керек.
Әдетте хаус ситтерлер жалғыз адам емес, жұп болып жүреді. Сіз де жалғыз қорықсаңыз, хаус ситтингті серігіңізбен байқап көрсеңіз болады.
Хаус ситтерге істеуге болмайтын дүниелер
- Бұл — сіз жалға алған airbnb немесе қонақ үй емес. Сондықтан мұнда «ақша төледім, артымнан өздері жинап алады» деген принциппен өмір сүруге болмайды. Үйді иесіне таза әрі жайлы күйінде тапсыруыңыз керек.
- Үйге танымайтын адамдарды шақырып, ойын-сауық жасауға болмайды.
- Өз міндетіне салғырт қарауға, өсімдіктерді өлтіріп алып, жануарларды аш қалдырып, ұрып-cоғып, қатыгездік танытуға болмайды.
Ескеретін жайттар
Хаус ситтердің үй иесінің алдында жауапкершілігі болғаны секілді, үй иесі де хаус ситтердің жайлылығын қамтамасыз етуі керек. Өтініш берер алдын үй иесінің пікірлерімен, үй жағдайымен, ондағы жануарлар және сізге жүктелетін міндеттермен мұқият танысып шығыңыз.
Әсіресе, үй жағдайы бөлімін дұрыс қарау керек. Үй иесі тұрақты интернет, ыстық су болады деп жазса, бұл уәде орындалуы тиіс. Кей кісілер үйінде жөндеу жұмыстары болатынын алдын-ала ескертпейді. Су немесе интернет, асүйде тамақ істеуге мүмкіндік болмаса, бір ай бойы өміріңіз қалай өтетінін елестетіп көріңізші. Сондықтан өз міндетіңізге кіріспес бұрын, үй иесімен видео арқылы сөйлесіп, маңызды тармақтардың бәрін сөйлесіп, нақтылап алыңыз.
Жануарлар күтімі, үйге қатысты ұмытып қалуым мүмкін деген ақпарат болса, үй иесінен шағын ескертпе жазып қалдыруын сұраңыз. Үйде бір техника бұзылса, су немесе газ өшіп қалса, жануарлардың бірі ауырса, хабарласатын нөмірлерді де сақтап қойыңыз.