Тоқаев Әзербайжан Президентін құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әзербайжандық әріптесі Ильхам Әлиевке жүрекжарды құттықтау хат жолдады.
Ақорда ақпаратына қарағанда, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық әрiптестiк және одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толған.
Бұл айтулы дата құттықтауға түрткі болып отыр.
«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарын қамтитын бұл тарихи құжат қазақ-әзербайжан байланысын дамытудағы маңызды кезеңнің басталғанын айқындап, көптеген сала бойынша өзара ықпалдастықты нығайтуға берік негіз қалады», – деп жазды президент.
Тоқаевтың пікірінше, екі ел күш-жігер біріктіріп, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтып жатыр. Екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуеті бар. Оны екі бауырлас халықтардың игілігі жолында пайдалану керек деп сенім білдірді Тоқаев.
Мұның алдында Тоқаев Әзербайжанның Қазақстан мұнайын Еуропаға экспорттауды арттыруға қолдау көрсеткені үшін Әлиевке алғыс айтқан еді.