Әлемдегі турист ең аз баратын елдер қайсы?

Жарияланды 25 Мамыр 2025 18:31

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Әлемдегі турист ең аз баратын елдер қайсы?
Әлемдегі турист ең аз баратын елдер қайсы? Мавритания 10- орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мавритания — жылына 5760 турист

Мавритания — Африканың солтүстік-батысында орналасқан, құрлықтағы ең аз турист баратын елдердің бірі. Бүкіл әлемде құлдық жүйесінен ең соңғы болып бас тартқан мемлекет. Бірақ халқының 2 пайызы әлі күнге құлдықта өмір сүреді. Заң жүзінде құлдыққа тыйым салынғанымен, көзін ашқаннан құл болған адамдар қайда барарын білмей, қожайындарына қайта оралған. 

Мавритания территориясының 90 пайызын шөл алып жатыр. Ел аумағының 0,5 пайызы ғана ауыл шаруашылығына жарамды. Мавританияда «Сахара көзі» немесе «Африканың көгілдір көзі» деп аталатын ерекше кратер бар. Бұл кратер 100 миллион жыл бұрын пайда болған, шығу тарихы белгісіз, диаметрі — 40 километрлік кратер төбеден қарағанда шөл даланың көзіне ұқсайды. 1960-жылдары ғарышкерлер «Сахара көзін» бағыт-бағдар ретінде қолданған. Ел астанасы — Нуакшоттың іргесіндегі балық базарына камерасыз бармаңыз, ондағы колоритті көзбен ғана көріп қоймай, лентаға да сақтап қою қажет. 

Тувалу 9-орында
Тувалу 9-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тувалу — жылына 3136 турист

Тувалу — Тынық мұхитындағы Полинезияда орналасқан арал-мемлекет. Әлемдегі ең кішкентай мемлекеттер қатарында 4-орында. Мұнда тек Fiji Airways ғана ұшады. Ұшақта жүктен орын артылса, 70 жолаушыға ғана билет сатылады. Билет бағасы өте қымбат. Фиджи аралынан Тувалуге дейін 2,5 сағат ғана жол, бірақ осы үшін әуе билетіне 500 доллар (қазіргі курс бағамымен — 255 762 теңге) төлеуге дайын болыңыз. 

Тувалу шағын мемлекет болғандықтан, жердің көп бөлігін ұшу алаңы құрайды. Сондықтан мұнда адамдар әуе кемесі ұшып-қонатын алаңда еркін серуендеп, спортпен айналысып, иттерін ойнатып жүре береді. Мұндай ерекше көріністі әлемдегі басқа ешқандай әуежайдан көрмейсіз. Тувалуде небәрі бір ғана қонақ үй мен бірнеше гестхаус ғана бар. Сондықтан тұратын жеріңізді алдын-ала броньдау керек. 

Кирибати 8-орында
Кирибати 8-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кирибати — жылына 2691 турист

Кирибати — Тынық мұхитында Микронезия мен Полинезияда орналасқан мемлекет. Жергілікті тілде «s» әрпі болмаған, бұл дыбысты жазуға ti немесе tu тіркесін қолданған. Сондықтан жергілікті халық үшін ел атауы — «Кирибасс». 

Кирибати астанасы Оңтүстік Тараваға Fiji Airways пен Nauru Airlines ғана ұшады. Билет бағасы қымбат. Ұлттық туристік кеңсе мәлімдемесінде «Кирибати бассейн жағасындағы барлар, жұмсақ орамал мен коктейль ұсынбайды. Кирибатиге келемін деушілер батыс әлемінен алшақ, мүлде басқа өмір салтын сезінуге дайын болуы керек» деп жазылған. 

Кирибати 32 аралдар тобынан тұрады. Мұхит, жағажай, жергілікті қарапайым өмірден басқа көретін ештеңе жоқ.

Экваториалды Гвинея 7-орында
Экваториалды Гвинея 7-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Экваториалды Гвинея — жылына 2400 турист

Экваториалды Гвинея — Африкадағы испан тілінде сөйлейтін жалғыз мемлекет. Өйткені бұл ел 1778-1810 және 1844-1968 жылдары екі рет Испанияның колониясы болған.  

Экваториалды Гвинеяға виза алу қиын, бюрократиялық кедергі көп. Бұрын АҚШ азаматтары Экваториалды Гвинеяға визасыз саяхаттай алатын, бірнеше жылдан бері бұл мүмкіндік те жойылды. Мұнайдан түскен табыстың әділетсіз бөлінуінен елде адам құқықтарының өрескел бұзылуы және кедейлік мәселесі өршіп тұр.

Мұнда туристік инфрақұрылым жоқтың-қасы, бірақ жаңбырлы орман мен тамаша жағажай көп. 

Оңтүстік Судан 6-орында
Оңтүстік Судан 6-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Оңтүстік Судан — жылына 2200 турист

2011 жылы 9 шілдеде Суданнан бөлініп шыққан. Әлемдегі ең жас мемлекет. Оңтүстік Судандағы динка тайпасының өкілдері  — әлемдегі ең ұзын адамдар, бойлары 2 метрден асады. 

Тәуелсіздік алғалы елде демократиялық сайлау өтпеген, қауіпсіздік мәселесі толық шешілмеген. Сондықтан туристер ел астанасы —Джубадан басқа жерге бара алмайды. Елді жемқорлық жайлаған, сондықтан құжаттарыңыздың дұрыс болуы, виза мерзімін сақтау өте маңызды. 

Соған қарамастан, Оңтүстік Суданның электронды виза жүйесі жедел әрі жақсы жұмыс істейді, визаны бірнеше күнде алуға болады. 

Эритрея 5-орында
Эритрея 5-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Эритрея — жылына 2000 турист

Эритреяда ресми тіл жоқ. Конституция афар, араб, беджа, билен, нара, кунама, сахо, тигре сияқты эритрей тілдерінің бәрін қорғайды. Ең көп тараған тіл — тигринья, халықтың жартысы сол тілде сөйлейді. Бұрын Италияның колониясы болғандықтан, жасы үлкен кісілердің көбі итальян тілін біледі.

Эритреяны әлемдегі билікте ең ұзақ отырған диктаторлардың бірі Исайяс Афеворки (1991 жылдан бері президент) басқарады. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз бостандығы индексінде Эритрея ең соңғы орында тұр. Тіпті, Солтүстік Кореяның өзі Эритреядан бір саты жоғары. 

Науру 4-орында
Науру 4-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Науру — жылына 1160 турист

2015 жылға дейін әлемдегі турист ең аз баратын ел болған. Ол кезде елге жылына небәрі 200 турист қатынайтын. Бұл факт көп саяхатшының қызығушылығын оятып, қазір Наурудағы туристер саны біршама артты. 

Науру — әлемдегі ең кішкентай мемлекет, жер көлемі небәрі 21 шаршы километр ғана. Экватордың оңтүстігінде 55 километр қашықта орналасқан аралға Nauru Airlines ғана ұшады. Аралда көретін ештеңе жоқ, елге виза алу қиын.

Бұл ел туралы ешкім естімеген. 19 километр жүгірсеңіз, бүкіл елді айналып шығасыз. 

Солтүстік Корея 3-орында
Солтүстік Корея 3-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Солтүстік Корея — жылына 940 турист

Әлемдегі ең жабық, адам құқықтары өрескел бұзылатын мемлекет. Елде күніне бірнеше рет дабыл қағылады. Бұл дауыс жұмыс бастайтын, үзіліс жасайтын, тамақ ішетін, ұйықтайтын уақытты білдіреді. Түрме сияқты. Солтүстік Кореяда ақылға қонбайтын ереже мен тыйым көп. Мәселен, ерінге қызыл далап жағуға болмайды, өйткені қызыл түс капитализм белгісі саналады. Халыққа үкімет бекіткен 28 түрлі шаш үлгісінің (14-і – ерлерге, 14-і әйелдерге арналған) бірін ғана жасауға рұқсат. 

Солтүстік Корея пандемиядан кейін туристерге әлі есігін ашқан жоқ. Қазір онда тек Ресей мен Қытайдан ғана жекелеген топтар саяхаттайды.

Солтүстік Кореяға Ресей немесе Қытай азаматтары ғана кіре алады. 2024 жылы желтоқсанда Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Кореядан басқа барлық елдің азаматтарына ашылады деп айтылған, бірақ бұл өзгеріс кейінге қалды. 

Ливия 2-орында
Ливия 2-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ливия — жылына 600 турист

Ливия әлемдегі барланған мұнай қоры бойынша 10-орында. Муаммар Каддафи биліктен кеткеннен кейін Ливия екіге бөлініп, күйреуге ұшырады. Ұзақ уақыт бойы туристік виза берілмеді, одан бері виза беру тәртібі миллион рет өзгерді. Қазіргі жаңа тәртіп қандай екенін ешкім нақты білмейді.

Ливияда археологиялық ескерткіш көп. Мәселен, Жерорта теңізі жағалауындағы ежелгі Лептис-Магна қаласы. Бұл жер Африкадағы Рим деп аталады. Рим дәуірінен қалған сәулет өнерінің таңғажайып ескерткіштері 553 жылдан қазірге дейін сақталған. 

Судан 1-орында
Судан 1-орында / Фото: Shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Судан — жылына 6 турист

Әлемдегі ең көп пирамида Суданда орналасқан. Мұнда 250-ге жуық пирамида бар. Мәселен, Египетте 138 пирамида бар, оның Каирге жақын орналасқан үшеуі ғана танымал. 

2023 жылы сәуірде Жедел қолдау күштері әскери тобы Судан әскеріне шабуыл жасап, соғыс бастады. Ол соғыс әлі күнге жалғасып жатыр. Соғыс салдарынан жүздеген мың бейбіт тұрғын қырылып, 12 миллион адам босып кетті. Туристерге Суданға кіруге рұқсат жоқ. 

Сондай-ақ оқыңыз