Димаш Құдайбергенді туған күнмен құттықтады

Жарияланды 25 Мамыр 2025 10:40

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Димаш Құдайберген 31 жасқа толды / фото: dimashnews.com
Димаш Құдайберген 31 жасқа толды / фото: dimashnews.com

Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген 24 мамырда 31 жасқа толды. Эстрада жұлдызын түрлі елдегі жанкүйерлері құттықтап жатыр. #DearsForDimash және #DimashDay хэштегтері әлеуметтік желілерде трендке көтерілді.

Ал Jibek Joly телеарнасы арнайы видиороликті Астанада «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы кеңсесінің бір жақ бетіне орналастырды.

Астанадағы ірі экранда әнші суреттері көрсетілді. Оған «Туған күн құтты болсын, Димаш!» деп жазылған.

Димаштың жанкүйерлері оны әлеуметтік желілерде белсенді түрде құттықтап жатыр. Бір ғана X әлеуметтік желісінде #DearsForDimash және #DimashDay хэштегтері мыңдаған құттықтау жинады. Әншінің түрлі суреттері мен видеолары жарияланды, ыстық тілектер айтылды.

Димаш Құдайберген 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбеде туған. Оның есімі қазір шартарапқа мәлім. Ерекші дарынды әнші Қазақстанды әлемнің ірі сахналарында таныстырып жүр.

Димаштың өнері шетелдегі өнер сүйер қауымның жүрегіне жол тауып қана қоймай, олардың өміріне үлкен өзгеріс әкеліп жатыр. Соның бір айғағы – Швейцариядан шыққан жанкүйер Эстер Ульманның жаңа кітабы. Шығарма әншінің туған күніне орай жазылды. Автор кітапта Қазақстанға жасаған сапарлары, ұлттық салт-дәстүрмен алғаш рет танысқан сәттері, қазақ халқының қонақжайлығы мен мейірімін қалай сезінгенін баяндайды.

Dimash Qudaibergen немесе DQ брендіне айналған әнші Қазақстанның ғана емес, көрші елдерде де туризмнің дамуына үлес қосып жүр. Мәселен, жақында оның Ақтау қаласындағы концертіне 100 мың адам жиналған.

Ал 26 мамырда ол Алматыда фан-кездесу өткізеді.

Сондай-ақ оқыңыз