Қазақстанда бір күнде екі мәрте жер сілкінді

25 мамырда Астана уақытымен сағат 15.08-де тағы бір мәрте жер сілкінді. Оны Жамбыл облысының тұрғындары сезді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмологиялык зерттеу институты» хабарлайды.
Сейсмикалық станциялар тіркеген жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында – Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 338 шақырым жерде орналасқан.
Жерасты дүмпуін Жамбыл облысындағы Құлан (3 балл) және Меркі (2 балл) елдімекендерінің тұрғындары сезді.
Министрлік мәліметінше, жер сілкінісінен ешкім зардап шекпеді.
Таңертең жер сілкінді
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Шығыс Қазақстан облысы аумағында жер сілкінді. Сейсмикалық станциялар оны Астана уақытымен сағат 07.35-те тіркеді. Жерасты дүмпуінің ошағы Ресей шекарасында, Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 1162 км жерде орналасқан.
Өскемен қаласы мен Қатон-Қарағай ауылының тұрғындары қуаты 2 балл деп есептелген әлсіз жер сілкінісін сезді. Зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ.
Мамырдағы жерасты дүмпулері
Екі күн бұрын Жетісу облысының тұрғындары жер сілкінгенін сезген. Сол кезде Талдықорған қаласында жер сілкінісің қуаты 4,6 балл болған. Министрлік мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Талдықорған қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде орналасқан.
2025 жылғы 12 мамырда Алматы қаласында сағат 11:38-де жер сілкінді. Сейсмологтардың мәліметінше, зілзаланың эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 239 шақырым жерде, Нарын қаласынан 81 шақырым жерде тіркелді.
Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам
- Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
- Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақ қолданбаңыз;
- Жиhаздан, терезеден, ары тұрыңыз;
- Жасырынатын жерді табыңыз – жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалар бұрышын таңдаған дұрыс;
- Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда);
- Көп қабатты үйлерде жер сілкініп болған соң ғана ғимараттан шығыңыз;
- Үйден шығар алдын суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
- Төтенше жол сөмкесін алыңыз (оны алдын ала дайындау қажет);
- Электр желілері, ғимараттар, ағаштардан алыс тұрыңыз;
- Жер сілкінісіне дайын болыңыз;
- Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.