Маңғыстауда жаңа туған баласын тастап кеткен ана әлі табылмады

Маңғыстауда жаңа туған баласын тастап кеткен ана жиырма күннен бері табылмай жатыр. Бұл туралы жергілікті Lada басылымы хабарлайды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, нәрестенің анасының кім екені әлі анықталған жоқ. Оны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда таңертең сағат 9.30 шамасында өңірдегі Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында жаңа туған нәресте табылды. Оны осы ауылдағы үйлердің бірінің терезесінің алдына тастап кеткен.
Жергілікті құқық қорғау органдары осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Кейін Бесшоқыда табылған нәрестенің қыз бала екені анықталды. «Ана мен бала» орталығындағы дәрігерлер оның денсаулығын жақсы деп бағалады. Нәресте салмағы – 2467 грамм. Ол салмақ жинап келеді.
Биыл қаңтардың аяғында Алматыда қақаған қыста жаңа туған нәрестесін далаға тастап кеткен әйел ұсталған.
Оның алдында Алматыда кәмелетке толмаған ана нәрестесін дәретханаға тастап кеткені туралы жазғанбыз.