Михаэль Шумахер мінген Ferrari қымбат бағаға сатылды

Әлемге әйгілі Михаэль Шумахер мінген Ferrari автомобилі аукционда 18,17 млн долларға сатылды. Бұл туралы The New York Times жазды.
Шумахер саудаға шығарылған болидпен 2001 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Бұған қоса, спортшы дәл осы жарыс көлігімен «Формула-1» аясында Монако мен Венгрия Гран-при жарыстарында топ жарған.
Бұған дейін де неміс спортшысы мінген бірнеше автомобиль сатылған, бірақ осы жолғысы ең қымбатқа бағаланды. Ол RM Sotheby’s аукционында саудаланды. Осы мекеме Шумахердің 250-ден аса затын аукционға қойған. Олардың арасында 1 млн доллардан қымбат сағаттар да болды.
Онлайн-аукционда сатылған заттардың ішінде атақты спортшының киімдері, қолтаңбалары, мінген көліктерінің бөлшектері, тіпті жеңістен соң ішкен шарап бөтелкелері де бар. Алайда Ferrari көлігіне жұрттар қатты қызыққан.
Шумахер — «Формулы-1» әлем чемпионатының жеті дүркін чемпионы. Оны көлік жарыстыру спорты тарихындағы ең мықты спортшы деп санайды.
2013 жылы неміс спортшысы тау шаңғысын теуіп жүрген уақытта басын қатты жарақаттап алды. Шумахердің отбасы оның денсаулық жағдайы, жеке өмірі туралы мәліметтерді жұртқа жарияламайды.