Қазақстанда тағы бір тіл ресми мәртебеге ие болады

Қазақша ым-ишара тілі ресми мәртебеге ие болуы мүмкін. Үкімет тіл мәселесіне қатысты халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың депутат сауалына жауабында айтылды.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, Ұлыбритания, Исландия, Австралия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Австрия, Испания, Швеция және Оңтүстік Африка Республикасында ым-ишара тілі ресми мойындалған.
«Болашақта, Қазақстанның шетелдегі мекемелерін тарта отырып, әлемдегі ым-ишара тілдері мен дактиль әліпбилерінің ресми бекітілуіне (мойындалуына) қатысты халықаралық тәжірибе зерделенеді», – дейді Көшербаев.
Оның айтуынша, қазақ ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесі пысықталады. Вице-премьер тіл мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстарды тізіп шықты.
Қазақ әліпбиінің дактилі алғаш рет 1998 жылы шығарылған. Ол есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған «Әліппе» оқулығында қолданылған. Осы уақытқа дейін 25 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленді. 2025–2030 жылдары 36 оқулық дайындалады.
«Арнайы педагогика мамандарын даярлау» бағдарламасын 17 жоғарғы оқу орны жүзеге асырады. 2024-2025 оқу жылында бакалавриатта 656 , магистратурада 150, докторантурада 13 грант бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі мәселесіне тоқталған.
«Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады», – деген мемлекет басшысы.
Ертесіне мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «тіл мәселесін саясиландыруға жол берілмейді» деп мәлімдеген.