Шымкентте стадионда футбол ойнап жүрген балаға жебе тиді

Жарияланды
Шымкентте стадионда футбол ойнап жүрген балаға жебе тиді
Шымкентте стадионда футбол ойнап жүрген балаға жебе тиді / Фото: shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

25 мамыр күні Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда футбол ойнап жүрген балаға жебе тиіп, жарақат алды. Оны оқиға орнынан жедел жәрдем қызметі алып кеткен.

Әлеуметтік желіде садақ тиген баланы жедел жәрдем қызметі қалай алып кетіп жатқанын көруге болады. Онда шамамен 11 жасар баланың арқасына оң жақ қабырға тұсына садақтың жебесі қадалғанын көруге болады.

Шымкент қалалық полиция департаментінің Курсивке хабарлауынша, жебе стадиондағы мүгедектерге арналған садақ ату секциясынан шыққан. Жебе садақ ату секциясы траекториясынан ауытқып, стадионда жүрген балаға тиген.

«Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы, яғни «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды. Қазіргі уақытта жәбірленушінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бала сағат 11:30-да жедел жәрдем қызметімен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген мәлімдеді. Оның қазіргі жағдайы орташа ауыр. Ата-анасы баланың стадион маңында ойнап жүргенде арқасына жебе тигенін айтқан. Дәрігерлер жебені кеше алған.

«Клиникалық хаттама бойынша толық инструментальді лабораторлы зерттеулер жасалынды. Қазіргі таңда баланың жағдай орташа ауыр, тұрақты. Хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр», – делінген басқарма хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз