Алимент төлемей жүргендер ата-ана құқығынан айырыла ма

Ақмола облысында екі әйел бұрынғы күйеуін ата-ана құқығынан айыруды сұрап сотқа жүгінген. Бұған олардың алимент төлемегені себеп болған. Бұл туралы Жоғарғы сот хабарлады.
Бірінші жағдайда төрт жасар баланың әкесі алимент бойынша 1,2 млн теңге қарыз болған. Екінші жағдайда 8 жастағы қыздың әкесі 3 млн теңгеден астам қарызы болған.
Екі әйел де бұрынғы күйеуінің балаларды тәрбиелеуге және асырауға атсалыспайтынын, қарызды өтеуге әрекет жасамайтынын, ата-ана міндеттерін орындаудан толықтай бас тартқанын айтқан.
«Қыздың анасы әкесінің ата-аналық құқығынан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған арызын көрсетіп, оның қызын бағып-қағуға және оның тәрбиесіне қатысуға дайын емес екенін атап өткен», – делінген іс материалдарында.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі істі қарады. Нәтижесінде жауапкерлердің нарколог пен психиатрда есепте тұрмағаны; қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны, оның ішінде алимент өндіру туралы сот шешімін орындамағаны үшін де жауапқа тартылмағаны; алимент бойынша берешектің болуы ата-ана құқығынан айыру үшін дербес негіз бола алмайтыны анықталды.
Екінші жағдайда әкенің баланы тәрбиелеуден және асыраудан бас тартуы туралы арызының заңды күші жоқ және ата-ана құқығынан айыру үшін негіз бола алмайтыны анықталған.
Әкесі туралы мәліметтерді туу туралы куәліктен тек оның биологиялық ата-анасы емес екені анықталған жағдайда ғана алып тастауға болады. Ал бұл жағдайда мұндай дерек жоқ.
Осыған байланысты сот екі талап қоюшының да талабын орындамады.
Бұған дейін азаматтық некедегі әйелін өлтіріп, 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың отбасы оның бұрынғы некесінен туған балаларына алимент төлеуден бас тартты. Бұл туралы оның бұрынғы әйелі Назым Қаһарман желідегі парақшасында айтты.
Заңда не жазылған?
«Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес, ата-ана құқықтарынан айыру тек сотта шешіледі.
Ата-ана құқығынан айыру туралы iстер ата-аналардың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың өтініштері, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады.
Заңға сәйкес, ата-ана құқығынан айыру туралы iстi қарау кезiнде сот ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардан алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешедi.
Ата-ана құқығынан айырылатын жағдайлар:
ата-ана мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса;
өз баласын перзентханадан (оның бөлімшесінен), жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарынан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартса;
өздерiнiң ата-ана құқығын теріс пайдаланса;
балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса;
құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және (немесе) сол тектестерге салынса, олар ата-ана құқықтарынан айырылады.