Өзін Антикор төрағасы деп таныстырған атыраулыққа айыппұл салынды

Өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде таныстырған атыраулық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Агенттіктің хабарлауынша, ер адам өзін жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы деп таныстырып, Жамбыл облысы Жуалы ауданының №4 мектебінің директорына хабарласқан. Облыс мамандары ер адамның жеке басын анықтады. С. агенттік төрағасы деп таныстыру арқылы мектеп директорынан көмек сұраған. Нақты айтқанда жұмысқа мас күйде барғаны үшін жұмыстан босатылған қызметкерді жұмысқа қайта алуға жәрдемдесуді сұраған.
Атырау облысы полициясы С.-ға қатысты жала жабу фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Іс Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. С. кінәсін толық мойындады.
2025 жылдың 14 мамырында сот С.-ны әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған айыппұл салынды.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі соңғы кезде алаяқтардың Антикор басшысы ретінде хабарласып, халықты алдауға көшкенін хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, олар құзыретті орган басшысы ретінде қоңырау шалады.