«Костенко» ісіндегі сотталушының бірі қамаудан шұғыл түрде босатылды

«Костенко» шахтасында 46 кенші қаза тапқан іс бойынша сотталушының бірі қамаудан босатылып, үйқамаққа жіберілді. Мұндай шешімді Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында істі қарап жатқан судья Бахтияр Ақанов қабылдады, деп хабарлайды KursivMedia.
Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушы Владимир Шишкановқа бұлтартпау шарасы қолданылып, қамауға алынған. Басты сот талқылауы барысында адвокат Васильев айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш білдірді. Медициналық құжаттарға сәйкес, айыпталушы Шишкановқа «оң жақ таңдай безінің обыры, мойын лимфа түйіндеріне екі жақты метастаз» деген диагноз қойылған. Ұсынылған ем-шаралар ішінде биопсия, мемлекеттік квота аясында контраст қолданылып жасалатын ауыз-жұтқыншақ аймағына компьютерлік томография жүргізу бар.
«Айыпталушының денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады. Осыған байланысты айыпталушыға тұрақты күтім мен сапалы медициналық көмек қажет, ал бұл қамауда ұстау жағдайында қиындық туғызады», делінген іс материалдарында.
Осылайша Владимир Шишканов қамаудан шұғыл босатылды.
Оған мынандай шектеулер қойылды:
- медициналық қызмет алу мақсатында медициналық мекемелерге баруды қоспағанда, тұрғылықты жерінен шықпау;
- телефон арқылы сөйлесуге, хат-хабар жіберуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
- сот отырысынан тыс уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот барысында жауап берген куәлармен, сарапшылармен және мамандармен сөйлесуге, оларды үйіне кіргізуге тыйым салу.
«Костенко» шахтасындағы апат
2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Қылмыстық іс бойынша 10 сотталушы бар. Тізімді мына жерден көруге болады.