Мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллект дағдыларын үйренеді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллект дағдыларын үйренеді
Мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллект дағдыларын үйренеді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект дағдылары бойынша AI Qyzmet оқыту бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады.

AI Qyzmet оқыту бағдарламасының мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ЖИ құралдарын жұмыс үдерістеріне енгізу екені хабарланды.

Министрлік мәліметінше, оқыту аясында мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында жасанды интеллектіні саналы түрде қолдану дағдысын қалыптастыру, әкімшілік үдерістерді автоматтандыру мен деректерді талдау арқылы оңтайландыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті AI-шешімдерін енгізу арқылы өнімділікті арттыру және шешім қабылдау сапасын жақсарту көзделуде.

«Курс мемлекеттік қызметкердің күнделікті қызметіндегі ЖИ-ді қолданудың негізгі сценарийлерін қамтиды: жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөз сөйлеу. Бұл курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, олар жасанды интеллектінің әртүрлі жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі. ChatGPT-мен тиімді жұмыс істеуді меңгеру Claude (Anthropic), Gemini (Google), Perplexity, Mistral, Cohere және басқа да платформаларды сенімді қолдануға жол ашады» делінген хабарламада.

Оқыту офлайн-форматта өтеді және ол Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының базасында Mastercard және KPMG Кавказ және Орталық Азия компанияларының қолдауымен ұйымдастырылады. Курсты аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметшілерге бірегей нөмірі бар сертификаттар табысталады.

Оқыту Snack Learning форматында — ұзақтығы 5 минуттық қысқа видеодәрістер түрінде өтеді, бұл оқуды икемді етіп, жұмыс кестесіне оңай бейімдеуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 000 мемлекеттік қызметкерді қамту жоспарланып отыр.

Бұған дейін, елде алдағы 5 жылда 1 млн адамға жасанды интеллектімен жұмыс істеу үйретілетіні хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз