ҰБТ-ның аралық қорытындысы: 29 талапкер аудиториядан қуылды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ҰБТ-ның аралық қорытындысы: 29 талапкер аудиториядан қуылды
ҰБТ-ның аралық қорытындысы: 29 талапкер аудиториядан қуылды/Фото: ҒЖБМ

2025 жылғы 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ-дан бері 52 мыңнан астам тестілеу өткізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Талапкерлердің 66%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде және 65 адамы ағылшын тілінде тапсырған.

Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 62%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құрады. Ең жоғары нәтиже 140 балды Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек есімді талапкер жинады.

ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 55 ереже бұзушылық анықталған. 26 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 29 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталмаған.

Тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түскен.

Биылғы ҰБТ-ға арналған тест тапсырмалары қоры толықтырылып жаңартылған. Ғылым және жоғары білім министрлігі тест тапсырмалары негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес құрастырылатынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз