Ұялы байланыс операторларына қарсы жаңа тергеу басталады

Ірі ұялы байланыс операторлары тарапынан жоғары тариф белгілеу белгілері анықталды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім еткен.
Мән-жайы
2024 жылғы тариф өзгерістерін талдау нәтижесінде агенттік монополиялық жоғары баға белгілеу белгілерін анықтаған.
– Бүгінгі таңда заңнама талаптарына сәйкес нарықты талдау жүргізілуде. Бұл талдау нарықта үстем жағдайды анықтау мақсатында өткізіліп жатыр. Талдау аяқталған соң тергеу басталады, – делінген агенттік хабарламасында.
Егер жаңа бұзушылықтар анықталса, агенттік тиісті әрекет ету шараларын қабылдайтынын атап өткен.
Бұған дейінгі тергеу
2023 жылғы желтоқсанда ұялы байланыс тарифтерінің өсу фактілеріне талдау жүргізу нәтижесінде «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком–Сервис» ЖШС (Теле2/Алтел) және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) мобильді операторларына қатысты бағаны бір мезгілде көтеру түрінде бәсекеге қарсы келісілген әрекеттер белгілері бойынша тергеу басталған.
2024 жылы операторлар қолданылған әрекет ету шараларына шағым түсіріп, осыған байланысты тергеу соттың түпкілікті шешімі шыққанға дейін тоқтатылған.
Қазіргі таңда «Мобайл Телеком–Сервис» ЖШС мен «Кар-Тел» ЖШС кассациялық шағымдары Жоғарғы Сотында қаралып жатыр. Ал «Кселл» АҚ бойынша Жоғарғы Сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін жойып, істі қайта қарауға жіберген.