Міндетті автосақтандыру: жаңа тарифтер туралы аңыз бен ақиқат

2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Қазақстанда автокөлікті міндетті сақтандыру жүйесі жаңартылды. Жаңа тарифтер енді жүргізушінің тәжірибесі мен жасына ғана емес, оның жолдағы тәртібіне де қарай есептеледі. Бұл өзгеріс халық арасында түсініспеушілік тудырып, әртүрлі аңыздардың таралуына себеп болды.
Осы ретте Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаевпен бірге .сақтандыруға қатысты ең көп таралған 5 мифті қарастырып, нақты шындықпен салыстырамыз.
Миф 1: Сақтандыру бағасы қатты қымбаттады
Кейбіреулер сақтандыру полисінің бағасы бірден 112 мың теңгеге көтерілді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.
Шындық:
Негізгі сақтандыру жарнасы – 1,9 АЕК (2025 жылы 7471 теңге). Бұл сома 2007 жылдан бері өзгермеген. Бағаның өзгеру себебі – жеке жүргізушіге байланысты коэффициенттердің енгізілуі.
Мысалы:
- Жаңа жүргізуші (класс А): 64 972 теңге;
- 2 жыл апатсыз жүрген (класс 3): 36 096 теңге
- Ең тәжірибелі (класс 13): 18 048 теңге тұрады. Яғни, кім қауіпсіз және тәртіпті жүргізсе, соған полис арзан болады. Бұл – әділетті жүйе.
Миф 2: Шетелдіктерге сақтандыру арзанырақ
Шындық:
Барлық жүргізушілерге бірдей «бонус-малус» жүйесі қолданылады. Уақытша әкелінген көліктерге 13-класс тағайындалады, себебі олар сирек апатқа ұшырайды. Бірақ егер шетелдік Қазақстанда көлікті алғаш рет тіркесе – қымбат тарифтер қолданылады.
Миф 3: Басқа облыста жүру тарифке әсер етеді
Шындық:
Жүргізуші Қазақстанның кез келген өңірінде жүре алады. Бірақ енді сақтандыруда көлік қай жерде тіркелгені мен негізінен қай өңірде пайдаланылатыны ескеріледі.
Мысалы:
Егер көлік Атырауда тіркеліп, бірақ Алматыда жиі пайдаланылса, ал Алматы – апат жиі болатын қала болса, онда тариф жоғары болады. Бұл – статистика мен әділеттілікке негізделген тәсіл.
Миф 4: Ережелер халықпен келіспей қабылданды
Шындық:
Жаңа ережелер 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап ашық талқылауда болды. Құжат портал открытых НПА арқылы жарияланып, антикоррупциялық сараптамадан өтті. Қоғамдық ұйымдар, сақтандыру компаниялары және мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескерілді.
Миф 5: Міндетті сақтандыруды өзгертудің қажеті жоқ
Шындық:
Міндетті сақтандыру — соңғы жылдары өте шығынды салаға айналды.
Соңғы 5 жылда:
- Сақтандыру төлемдері +173% (50,7 млрд теңге)
- Сақтандыру жарналары +48% (32,4 млрд теңге)
Көптеген компаниялар пайда көрмей, тек төлем жасап келеді. Егер өзгеріс болмаса, олар сақтандыру шарттарын ұсынудан бас тартуы мүмкін еді.
Қазақстан — жол апаты бойынша әлемде 3-орында
Әлемдік статистика бойынша, 1000 000 адамға шаққанда 126,8 адам Қазақстанда жол апатынан көз жұмады. Бұл — АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орын.
Жаңа тариф жүйесі — тек қаржылық әділеттілік емес, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті арттыруға арналған құрал.
«Жаңа ереже – қауіпсіздік пен адам өмірін сақтау үшін қажет. Тәртіпті жүргізуші аз төлейді, бұл жол ережесін сақтауға түрткі болады», – дейді Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.
Бұған дейін полис құнын төмендетудің 10 жолын жазғанбыз.