«Бәйтерек» холдингі үш айда 185,2 млрд теңге таза пайда тапқан

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2025 жылдың І тоқсанында 185,2 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы холдингтің қаржы есебінде жазылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артық.
Негізгі табыс көздері қандай?
Холдингтің табысының басым бөлігі қарыз беру мен қаржылық қызметтерден түскен. Атап айтқанда:
- Проценттік табыс – 364,8 млрд теңге;
- Проценттік шығындар – 181,4 млрд теңге;
- Таза проценттік табыс – 183,5 млрд теңгені құраған.
Жалпы операциялық табыс 204,8 млрд теңгеге жетіп, әкімшілік шығындарды (21,3 млрд теңге) ескергеннің өзінде компания жоғары рентабельділікті сақтап отыр.
Сонымен қатар, холдинг сақтандыру қызметтерінен де оң нәтиже алды. Таза сақтандыру кірісі 10,9 млрд теңгеге жеткен.
Тәуекелдерге сақтықпен қарайды
Холдинг бұл тоқсанда 52,4 млрд теңге көлемінде резерв құрған. Бұл – компанияның несие портфеліндегі тәуекелдерге дайын екенін көрсетеді. Бұған қоса, шетел валютасымен операциялардан 8,9 млрд теңге шығын тіркелгенімен, бағалы қағаздармен операциялардан түскен 6,8 млрд теңге кіріс бұл жоғалтуды ішінара өтеген.
Нәтижесінде аза пайдасы 185,2 млрд теңгені құраған. Айта кету керек, бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңдегі 132,6 млрд теңгемен салыстырғанда 52,6 млрд теңгеге көп.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2024 жылғы жұмысы нәтижесінде мемлекетке 61,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі.