Аудиторлар 355 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалғанын анықтады

2025 жылдың І тоқсанында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) еліміздегі 24 мекемеде 4 ірі аудиторлық тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында 5,9 трлн теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражат пен операциялар қамтылып, 355 млрд теңгеге жуық заң бұзушылық анықталған.
Аудиторлар мынадай негізгі үш бағыттты атап көрсетеді:
- 3,3 млрд теңге – қаржыға қатысты заң бұзу;
- 287,6 млрд теңге – мемлекеттік қаражат пен ресурстардың тиімсіз пайдаланылуы
- 64,6 млрд теңге – бюджет жоспарлау кезінде кеткен кемшіліктер.
Сонымен қатар, 3,3 млрд теңге көлемінде бюджетке қайтарылуы тиіс қаражаттың 1 млрд теңгесі тексеру аяқталғаннан кейін бірден өндірілген.

Аудиторлар Үкіметке не ұсынды?
Жоғары аудиторлық палата Үкіметке 32 ұсыным жолдады. Ал тексерілген нысандарға 159 тапсырма берілді. Бұл нұсқаулар толық орындалғанға дейін ЖАП бақылауында болады.
2025 жылдың соңына дейін барлығы 30 аудиторлық тексерісті аяқтауды жоспарланып отыр.
Бұған дейін аудиторлық палата 2024 жылы бюджеттегі 371 млрд теңге игерілмей қалғанын мәлімдеген. Сонымен қатар аудиторлар 2026 жылдан білім беру, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы квазимемлекеттік ұйымдарды қаржыландыру ережесі қатаңдатуды ұсынды.