Jusan Bank еншілес компаниясынан 10 млрд теңге дивиденд шығарып алмақ

Jusan Bank еншілес компаниясы – Jusan Invest брокерлік ұйымынан кейінгі 5 жылға 10 млрд теңге дивиденд алмақ. Сарапшылар банк сатылым алдында барынша қаржы шығарып алуға тырысып жатыр деп тұжырымдайды.
Банк Jusan Invest брокерлік компаниясының жалғыз акционері ретінде 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңдегі таза табыс есебінен 10 млрд теңгеден астам дивиденд алуға шешім қабылдаған. Бұл ақпарат KASE сайтында жарияланды.
2024 жылы Jusan Bank-ке 6,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төленбек. Бұл – 2024 жылғы таза табыстың 99,99%-ына тең. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд көлемі 2,07 млрд теңгені құрайды. 2021 жыл үшін бөлінетін сома 916,6 млн теңге болды.
Ал 2020 жылғы таза табыстың негізінде 541,3 млн теңге дивиденд төленеді. Сонымен қатар 2019 жыл үшін Jusan Bank-ке 255,3 млн теңге аударылады. Осылайша, соңғы бес жылдағы жиынтық дивиденд сомасы 10 млрд теңгеден асады.
2024 жылдың 31 желтоқсанындағы қаржы есебіне сәйкес, Jusan Invest-тің бөлінбеген пайдасы 10,5 млрд теңгеге жеткен. Компаниянык жалпы актив көлемі 55,8 млрд теңгені құрайды, соның ішінде 96%-ы – бағалы қағаздарда жинақталған.
Бұл ретте Finmentor.kz Telegram-арнасының авторы Арман Батаев мұндай дивиденд алу Jusan тобының сатылуына дайындық белгісі болуы мүмкін деп тұжырымдайды. Бұл — мәміле алдындағы әдеттегі тәжірибе, онда акционер құрылымнан өз пайдасын алып шығады.
Миллиардер Вячеслав Ким реттеушіге Jusan Bank акцияларының 97,5%-ын сатып алуға өтініш бергені белгілі.
2025 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Jusan Bank акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 20.11%-ы тікелей өз меншігінде, ал 79.89%-ы First Heartland Securities арқылы иеленген.