Тұрсынғали Алагөзов Шымкент сыра зауытын қаншаға сатып алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тұрсынғали Алагөзов
Тұрсынғали Алагөзов зауытқа қанша инвестиция салды / Фото: жеке архивтен, бильд-редактор Милош Муратовский

Кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов 2024 жылдың ақпан айында кәсіпкер Тимур Жаңабаевтан Шымкент сыра зауытын 8 млрд теңгеге сатып алған. Бизнесмен Kursiv.Media сайтына берген эксклюзивті сұхбатында затты қандай шарттармен сатып алғанын егжей-тегжей айтып берді.

Шымкент сыра зауытына салынған инвестиция көлемі 40 млн долларға жетті

Содан бері Алагөзов Шымкент сыра зауытына $40 млн инвестиция салған. Бұл соманың шамамен 15 млн доллары 20 мың шаршы метрлік жаңа нысан: қойма мен жабдықтар орналасқан ғимарат салуға, сондай-ақ инженерлік коммуникация тартуға жұмсалған.

Тағы 7 млн доллар Galanz Bottlers компаниясына тиесілі брендтер – «Maxi Чай» және басқа да алкогольсіз сусындар өндірісі бойынша жаңа цех салуға кеткен.

«Біз алкогольсіз сусын шығаратын жаңа зауыт салдық, енді өнімді Алматыдан тасымалдаудың қажеті жоқ. Шымкенттегі цех Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстан нарығын қамтитын болады, өйткені біздің өнім көрші елдерде үлкен сұранысқа ие», – деді Алагузов.

Қалған қаражаттан 10 млн долларды кәсіпкер еуропалық өндірістегі екі желіні сатып алуға жұмсаған. Бұл желі Шымкент сырасын алюминий банкалар мен шыны бөтелкелерге құюға мүмкіндік береді. Жабдықтың қуаты сағатына 25 мың бөтелке сыра шығаруға жетеді. Алагөзовтың айтуынша, бұл Шымкент зауыты үшін мүлде жаңа өнім форматы – мұнда бұған дейін банкадағы сыра шығарылмаған.

«Қалған 8 млн долларды сыра желісін жаңғыртуға жұмсадық. Бұл – сыра қайнап, суытылып, сүзгіден өтіп, ферменттеліп, тұндырылатын ЦКТ [цилиндр-конустық танкілер] жүйесі», – деп түсіндірді Алагөзов.

Келесі үш жылда 20 000 тоңазытқышқа 15 млн доллар жұмсамақ

Алдағы үш жыл ішінде кәсіпкер дүкендерге қойылатын 20 мың сыраға арналған тоңазытқышты сатып алу үшін тағы 15 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Алагөзовтың айтуынша, бұл тоңазытқыштарды дүкен емес, компанияның өзі сатып алады, ал бір мұздатқыштың құны шамамен $700 тұрады.

2026 жылы зауыт айына 10 мың тонна сыра өндіре алады

Жұмсалған инвестицияның арқасында Шымкент зауытының қуаты айына 10–12 мың тонна алкогольсіз өнім және шамамен 4 мың тонна алкогольдік сусын шығаруға жеткен.

«Келесі жылдың ортасына қарай біз айына 10 мың тонна сыра өндіруді көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта біз сырадан гөрі алкогольсіз сусындарды көбірек шығарамыз, бірақ жаңғыртудан кейін көлемдерді теңестіретін боламыз», – деп түсіндірді Алагөзов.

Ол сондай-ақ кәсіпорын оған 400 млн теңге көлеміндегі салық қарызымен өткенін айтып өтті. Бұл қарыз өтелген.

«Менің басты міндетім – барлығын ретке келтіру болды, өйткені көптеген жабдық ескірген. Әрине, бұрынғы акционерлер де жұмыс жасаған. Оларға рахмет – кәсіпорынды сақтап қалды. Бірақ біз оны заманауи, Heineken мен Carlsberg секілді халықаралық сыра компанияларының стандарттарына сәйкес етіп өзгертіп жатырмыз», – деді кәсіпкер.

Ресейлік «Балтикамен» әріптестік

Мәміле жабылғаннан кейін көп ұзамай Шымкент сыра зауыты ресейлік «Балтика» компаниясымен келісімге келген. Бұған дейін бұл компания даттың Carlsberg концерніне тиесілі болған, алайда 2024 жылдың желтоқсанында ұзаққа созылған сот процестерінен кейін ол өз үлесін жергілікті топ-менеджерлерге сатқан.

«Біз ресейліктермен жұмыс істейміз. Бізде мерзімсіз келісімшарт бар. Көлемі үлкен емес. Егер біз талаптарды орындасақ – жұмыс жалғасады. Егер үлгермесек – бізді басқа компаниямен алмастыруы мүмкін. Бірақ менің білуімше, «Балтика» өкілдері келгенде, бізден басқа таңдайтын ешкім жоқ екенін түсінді. Өйткені біз – жас, белсенді және болашағымыз бар», – деді Алагөзов.

JFood Kazakhstan-ды сатып алғысы келгендер көп болды»

2024 жылы кәсіпкер JFood Kazakhstan компаниясын (бұрынғы «Цесна-Астық») сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Бұл компанияға «Цесна» (ұн, макарон, жарма), Bella Pasta (макарон) және Сәлем (ұн мен макарон) брендтері тиесілі. Мәміле 2025 жылдың ақпанында 11 млрд теңгеге жабылды.

Алагөзовтің айтуынша, ұн бизнесімен айналысу керек екенін түйсігімен сезген. Ұн ияқты өнімдер күнделікті тұтынылады, әрі ол бұл бағыттың болашағы бар деп есептеген.

Кәсіпкер өзінде екінші жоғары біліміні қытайтану бағытында екенін және көптен бері Қазақстан өнімдерін Қытай нарығына шығарғысы келгенін айтты. Оның пікірінше, Қытай тұтынушысын сусын немесе сырамен таңдандыру қиын, ал Қазақстанда, әсіресе Қостанай мен Петропавл өңірлерінде өндірілетін ұнның сапасы жоғары. Себебі бұл өңірлерде қатты бидай сорттары өсіріледі, ал Қытайда климаттық ерекшеліктерге байланысты ондай бидай түрлері өспейді.

JFood Kazakhstan бұрын Jusan Development пен «Оуса Юг» компанияларына тиесілі болған. Бұл екеуі де Jusan Bank-тің еншілес ұйымдары, ал банктің соңғы бенефициары – Ғалымжан Есенов.

«Бұл кәсіпорынды сатып алуға болатыны жайлы ақпарат шыққанда мен Jusan Bank-тің уәкілетті өкілдеріне жүгіндім. Бұл корпорация банктің меншігінде болған, ал біз сол банкте қызмет аламыз. Олар біздің мүмкіндігімізді, қаржы ағындарымызды, салық төлемдерімізді білді. Сатылым кезінде бұл жобаға кіруге тілек білдіргендер көп болды. Мен ұн мен астықтың қалай жұмыс істейтінін, оны қалай сатады – мүлде білмедім. Бірақ ішкі түйсігім мені итермеледі: егер кәсіпорын 60 жыл жұмыс істеп, оның халық сүйетін «Цесна» бренді болса, мен де бұл салада өзімді сынап көре аламын», – деді ол.

Тұрсынғали Алагөзов – Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлерінің бірі. Биыл Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша Қазақстандағы ең бай 100 адамның қатарында 61-орын алды. Оның байлығы 130 млн доллар деп бағаланған.

Кәсіпкерге Galanz Bottlers компаниясы тиесілі. Бұл компания «Maxi Чай», Sevens суы, «Первоквас», Lime Time брендтерін өндіреді. 2024 жылы ол Forbes тізімінде Қазақстандағы ең ірі 50 компанияның қатарында – 48-орынға шыққан. Компанияның жылдық табысы – 71 млрд теңге.

Зауыт тарихы: Төлешовтен Алагөзовқа дейін

2016 жылы Шымкент сыра зауыты Тоқтаp Төлешовтен қарызы үшін тәркіленген. Сол жылы ол мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды және тағы 20 қылмыс жасағаны үшін 21 жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін зауыт АТФБанктің меншігіне өтті. Бұл банк 2019 жылы Jusan Bank-пен біріктірілгенге дейін Ғалымжан Есеновке тиесілі болған. Ал 2021 жылдың қаңтарында зауыттың жаңа иесі Тимур Жаңабаев болды. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, ол Есенов пен Марғұлан Сейсембаевтың бизнес-серіктесі саналады.

Сондай-ақ оқыңыз