Бибісара Асаубаева ерлер арасында гроссмейстер атағын алмақ

Жарияланды 26 Мамыр 2025 11:15

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: gov.kz

Алдағы уақытта бірден екі шахматшы – 14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) тарапынан гроссмейстер (GM) атағына ресми түрде ие болмақ.

Бұл жаңалық 2025 жылы Шарджада (БАӘ) өткен Sharjah Masters International Chess Championship турнирінен кейін белгілі болды. Аталған жарыс әлемнің таңдаулы шахматшыларын жинаған аса беделді дода болды. Турнирге 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер, рейтингтері 2453 пен 2771 аралығындағы ойыншылар қатысты.

Қазақстандық шахматшылар арасында бұл турнирде Эдгар Мамедов (2492), Бибісара Асаубаева (2494) және гроссмейстер Ринат Жұмабаев (2551) лайықты өнер көрсетті. Сәйкесінше 24, 28 және 29-орындарға ие болды. Мамедов пен Асаубаева 9 мүмкін ұпайдың 5-ін жинап, халықаралық шеберлік деңгейіндегі мықты нәтижеге қол жеткізді. Ал Ринат Жұмабаев рейтингін +5,2 ұпайға арттырды.

Бибісара Асаубаева – бұған дейін әйелдер арасында гроссмейстер атағын алған еді. 2024–25 маусымындағы әйелдер Гран-при турнирінің жеңімпазы Қытайдан келген Чжу Цзиньэрді (2541) бір ұпайға, ал 2024 жылғы шахмат Олимпиадасының жеңімпазы, үндістандық Дивья Дешмухты (2469) бір жарым ұпайға артта қалдырды.

Эдгар Мамедов бұл турнир барысында гроссмейстер атағына қажетті 2500 рейтинг шегінен асып, бұған дейінгі үш гроссмейстерлік нормасын нақтылап берді. Ал Бибісара осы жарыста үшінші гроссмейстерлік нормасын орындады, бұған дейін 2021 жылы Ригада өткен «Үлкен швейцаркада» және 2023 жылы Нью-Делиде өткен әйелдер Гран-при кезеңінде алғашқы екі нормасын орындаған еді. Сонымен қатар, оның да рейтингі 2500 межесінен асты.

Осылайша, екі отандасымыз – Эдгар Мамедов пен Бибісара Асаубаева – гроссмейстер атану үшін барлық талаптарды орындап, енді FIDE Президенттік кеңесінің алдағы отырысында (2025 жылдың екінші FIDE Council отырысы) ресми бекітілуін күтуде.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – Қазақстан шахмат тарихында ерлер арасында гроссмейстер атағын алған екінші әйел шахматшы болмақ. Бұған дейін бұл атақты Жансая Әбдумәлік алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз