
25 мамыр күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада ерекше рухани мәнге ие, швейцариялық жанкүйер Эстер Ульманның «Димаш және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туынды – әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы Қазақстанды танып, ұлттық мәдениет пен руханиятқа терең бойлаған автордың шынайы естеліктер жинағы.
Тұсаукесер рәсіміне Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева, әншінің «Тау ішінде» бейнебаянына түскен Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанова, сондай-ақ Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы қатысты. Света Айтбаева өз сөзінде авторға алғысын білдіріп, қазақтың дәстүрі бойынша шапан жауып, алтын бұйым тарту етті.

Эстер Ульман өз кезегінде Ұлттық кітапханаға 5 дана кітабын сыйға тартты. Шара барысында оқырмандар автормен еркін сұхбаттасып, кітаптан үзінділер тыңдап, арнайы шақырылған қонақтармен пікір алмасты.
Димаш туралы алғашқы шетелдік кітап
Кітапта Эстер Ульман 2022 жылы Алматыда өткен Димаштың концертіне алғаш рет қатысып, қазақ халқының қонақжайлығына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына қалай тәнті болғанын, сондай-ақ Димаштың өнерінен алған шабытты сәттері кеңінен баяндайды. Сол кезден бастап автор жыл сайын елімізге сапар шегіп, қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттырып келеді.
Айта кетейік, «Димаш және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті» атты бұл кітап қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр.
Сонымен қатар, 26 мамыр күні Димаш Құдайберген «Алматы аренада» фан-кездесу өткізеді. Ticketon билет операторының мәліметінше бұл кешке 40 елден астам жанкүйерлерге билет сатылды.