
Krisha.kz, Kolesa.kz және OLX.kz тәрізді онлайн-платформаларда интернет-алаяқтықпен айналысқан 5 мыңнан аса аккаунт бұғатталды. Тағы 7 мың аккаунт тексеріліп жатыр деп хабарлайды Алматы облыстық прокуратурасынан.
Алаяқ аккаунттардың басым бөлігі Алматы қаласы мен облысында «пәтерлерді тәулігіне жалға береміз, жылжымайтын мүлік, арзан автокөлік сатамыз, шетелден автокөлік бөлшектерін жеткіземіз» деген жалған хабарламалар ілген. Өзіне тиесілі емес фотосуреттер пайдаланып, «бронға қою» үшін алдын ала төлем талап еткен.
«Прокуратура мен маркетплейстердің бірлескен жұмысы цифрлық ортадағы қылмыстарға қарсы мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді алгоритмін қалыптастыруға ықпал етті. Азаматтарды онлайн-сатып алулар кезінде сақ болуға және цифрлық платформалардағы хабарландырулардың шынайылығын міндетті түрде тексеруге шақырамыз», – деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Осыған дейін Whatsapp аккаунтын бұзып, жеке дерегін пайдаланып кететін алаяқтардан қорғану жайлы жазған едік.