Қазақстан мен Қытай делегациясы атом станциясын салу мәселесін талқылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Атом энергетикасы агенттігінің баспасөз қызметінен

Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қытайдағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқарманың басшысы Дон Баотонмен кездесу өткізді. Бұл жайлы агенттік баспасөз қызметінен хабарлайды.

Астанада өткен келіссөздерде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі талқыланды. Қазақстан үшін осы салада Қытай тәжірибесі қызықты болып отыр.

«Қазақстан тарапы АЭС жобасын іске асырудың барлық кезеңінде ядролық және су-экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қытай тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты», – деп жазылған хабарламада.

Айта кету керек, қазір АЭС салуға қатысуы мүмкін деген вендор компаниялардың шорт-тізімі жасақталып жатыр. Оның ішіне қытайлық HPR-1000 реакторлық технологиясын ұсынатын CNNC компаниясы да кірді.

Осыған дейін Алмасадам Сәтқалиев Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP) компаниясының делегациясымен кездескен. Кореялық тарап та Қазақстанда АЭС салуға қызығушылық танытып отыр.

Бірақ Қазақстанда АЭС-ті нақты қай елдер салатыны әлі белгісіз. Түпкілікті шешім осы жылдың бірінші шілдесіне дейін қабылдануы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз